«Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» РМК бас директорының міндетін атқарушыға 24 млн. теңгені ұрлады деген айып тағылды

АСТАНА. 17 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» РМК бас директорының міндетін атқарушы К.Нұғымановқа қатысты іс сотқа тапсырылды.

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.

«Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының міндетін атқарушы К.Нұғымановтың ісі сотқа тапсырылды», - деді ол.

Ресми өкілдің атап өтуінше, оған қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық жүйесін жасауға және дамытуға бөлінген 24 млн. теңгені атқарылған жұмыстарды қабылдаудың жалған актілеріне қол қою арқылы ұрлады деген айып тағылды.