Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің министрліктің мақсаты экологиялық төлемдер үшін салық салып, айыппұлдарды өндіру емес. Халық денсаулығына қолайлы орта қалыптастыруға, «таза ауа мен таза су» мәселесін тиімді шешуге жағдай жасауға тиіспіз. Жалпы, менің ойымша табиғатты пайдаланушылар үшін қоршаған ортаны ластағанына байланысты айыппұлдар салу тиімсіз, талапты орындамаған оларды жауып тастау керек. Әйтпесе, оларды заң арқылы ынталандыру немесе мәжбүрлеу қажет. Мәселен, ілеспе газдарды кәдеге жарату үшін қойылатын түтік‑қондырғының бағасы 80 млн. долларды құраса, ондай газды жаққаны үшін айыппұл ары кетсе 1-2 млн. доллар шамасында. Сондықтан, кейбір компаниялар экологияны ойлағаннан гөрі айыппұлмен құтылғысы келеді», деді министр.
Оның айтуынша алдағы жылдан бастап ондай айыппұл саясаты шектеледі. «Сондықтан да қоршаған ортаны ластаған компаниялар не түбегейлі жабылады, не болмаса табиғатты қорғау жүйесін қалпына келтіреді», деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, 2008 жылы бюджетке түскен экологиялық төлемдер сомасы 74,7 миллиард теңгені құраса, оның 8,5 миллиард теңгесі айыппұл есебінен болатын. Ал ағымдағы жылдың 9 айында экологиялық төлемдердің жалпы сомасы 76,5 миллиард теңгені, оның ішінде айыппұл мөлшері 10,8 миллиард теңгені құрады.