Әлемнің 29 елінің мемлекет басшылары мен премьер-министрлері, БҰҰ Бас хатшысы, халықаралық делегациялардың, дүниежүзілік қаржы ұйымдарының жетекшілері бас қосқан алқалы жиында Жер шары халқының 45 пайызын қамтитын аса ірі жобаның даму жолдары, сауда-экономикалық ынтымақтастық, өнеркәсіптік инвестициялар, энергетика мен ресурстар, қаржылық қолдау мәселелері күн тәртібіне қойылды.
Форумға қатысушы мемлекеттер басшыларының «Тығыз ынтымақтастыққа арналған саяси бірлескен қызмет» тақырыбында өткен дөңгелек үстел жиынында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Еуразияда ежелгі Жібек жолын жаңа, заманауи форматта қайта жандандыру идеясы әлемде көрініс алып отырған саяси, экономикалық және гуманитарлық дағдарыстарға берілген уақтылы жауап екенін атап өтті.
- Патернализм мен саяси астары бар санкцияларды қолдану шаралары миллиондаған адамдардың экономикалық белсенділігін төмендетіп, өмір сүру деңгейіне әсер етті. Соның нәтижесінде, соңғы жылдары әлемдік экономика мен саудада босаңдық пен құлдырау байқала бастады.
Осындай жағдайда халықаралық кооперацияны ынталандыру үшін әлем жаңа жетекші күштің қажеттілігін өткір сезінуде, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу - бір жол» бастамасы жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның табысты іске асуы, жинақтап алғанда, 4,4 млрд тұрғынды қамтитын елдерге пайда әкеледі.
Мемлекет басшысы «Бір белдеу - бір жол» өңірлік кооперациясының жаңа моделінің мықты тұстарына ерекше тоқталды.
- «Бірлесе даму арқылы тұрақтылыққа қол жеткізу» ұстанымы бүгінде ондаған елдің экономикалық мүддесіне сай келетін халықаралық ынтымақтастықтың тартымды формасы болып саналады. Осыған орай, Жібек жолының нақты сұлбасы көріне бастаған қазіргі кезде бұл макроөңірлік кооперацияның бірлескен стратегиялық үйлесімі қажет. Сондай-ақ Жібек жолы бастамасын іске асыру тұтас бір өңірлерді, соның ішінде Орталық Азияны жаһандық контексте жаңа тұрпатта танытуға мүмкіндік береді, - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия әлемнің ең ірі нарықтары арасындағы басты дәнекерге айналып, қайтадан стратегиялық маңызға ие болғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Президент Еуразиялық экономикалық одақтың осы процестегі маңызды рөліне тоқталды.
- «Үлкен Еуразияның» біртұтас экономикалық кеңістігін құру идеясы жаңа мәнге ие болуда. Жібек жолының экономикалық белдеуі Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ және Еуропалық одақ платформаларын өркендеудің біртұтас өңірлік аумағына ұтымды түрде тоғыстыра алады, - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа Жібек жолы бойында орналасқан елдердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық және ғылыми-техникалық даму саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуді ұсынды.
Сөз соңында Елбасы «Бір белдеу - бір жол» идеясын ойдағыдай іске асыру үшін мүдделі елдер арасында өзара сенімнің орнығуы, олардың тең құқықтылыққа және жан-жақты ынтымақтастыққа дайын болуы маңызды екенін атап өтті.