Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған бағдарламаның негізгі мақсаты құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыру, тұрғындардың заң бұзушылыққа жауапкершілігін арттыру болып табылады.
Құқық қорғау бағытындағы қоғамдық ұйымдар мен тұрғындардың қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтарды болдырмауға белсенді атсалысуы үшін облыстық Полиция департаменті тарапынан кешенді шаралар қабылдануда.
Қазіргі уақытта Алматы облысында 366 қоғамдық құрылым құқық қорғау бағытында қызмет етеді. Аталған ұйымдардың құрамында 1500 жуық мүше бар. Биыл осы ұйымдардың көмегімен 146 әкімшілік құқық бұзушылық әшкере болды. Тәртіп сақшылары қоғамдық ұйым өкілдерімен қоян-қолтық жұмыс істеп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде.
Сонымен қатар, еліміздің қолданыстағы заңнамасына сәйкес, құқық қорғау органдарына қолдау көрсетіп, кез келген заң бұзушылықтың алдын алған азаматтардың әрекеті орган тарапынан көтермеленетіні белгілі.
Биыл облыстың бас полицейі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан сүбелі үлесі үшін 48 тұрғынды марапаттап, сыйлықтар табыстады.