Көршілес елдер тарапынан іздеу салынған 68 азамат Қазақстанда ұсталды

АСТАНА. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -Құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Іздеу» шарасының барысында, Қазақстан тарапынан іздеуде жүрген 14 азаматты қолға түсірді. Олардың барлығы да республика аумағынан тыс жерлерде ұсталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұмановтың айтуынша, ұсталғандардың 2-уі денеге ауыр зақым кетіргендері үшін, ал 1-уі кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген. Сондай-ақ шара барысында еліміздің аумағында көршілес мемлекеттер тарапынан іздеу салынған 68 азамат қолға түсті. Олардың 39-ын Өзбекстанның, 24-ін Ресейдің, 3-уін Украинаның құқық қорғау органдары іздестірген. Сондай - ақ Грузия мен Түрікменстан елдерінің де азаматтары бар. «Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің қызметкерлері 29 жасар Ресей азаматын өлтірген Челябі облысының тұрғынын ұстады. Ол 2002 жылдан бері іздеуде жүрген. Қазіргі таңда аталмыш азаматты еліне экстрадициялау мәселесі шешілуде. Сондай-ақ Ташкент қаласында кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген 34 жасар Өзбекстан азаматы Алматыда қолға түсті», деді Қ.Жұманов.

Естеріңізге сала кетейік, «Іздеу» кең ауқымды шарасы маусымның 7-сі мен 11-і аралығында жүрді.