ҚР заңнамаларында пәтер ішінде, балконда, лоджияда темекі шегуге тыйым салынбаған. Сәйкесінше оның түтіні, иісі көршіңіздің пәтеріне кіріп, жайсыздық тудырса да дәлелдеу қиынға түседі.
— Балконда темекі шегу мен темекі тұқылын сыртқа лақтыру — екі бөлек мәселе. Балконда тұрып темекі шегуге арнайы тыйым салынбаған. Бұл құқық бұзу болып саналмайды. Алайда темекі тұқылын балконнан, лоджиядан немесе терезеден сыртқа лақтыруға тыйым салынады. Бұл өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзып, басқа адамдардың өмірі мен мүлкіне қауіп төндіруі мүмкін. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабы бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қарастырылған. Нақты қандай жаза қолданылатыны құқық бұзудың мән-жайына және заңның тиісті нормасына байланысты анықталады. Жеке тұлғаларға алғашқы кезде ескерту жасалып, құқық бұзу қайталанған жағдайда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, — деді Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Көпқабатты тұрғын үйде көршілер арасындағы дау-дамау, құқық бұзу «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңы аясында да реттеледі. Бірақ бұл заңда да шылым иісіне қатысты ашық айтылмаған.
— «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңың 36-бабына сәйкес пәтердің меншік иесі санитариялық, экологиялық және өзге де талаптарды сақтауға міндетті. Алайда темекі тұтыну талаптарының сақталуын бақылау және әкімшілік шара қолдану тұрғын үй инспекциясының құзыретіне жатпайды. Бұл мәселе бойынша Жергілікті полиция қызметіне жүгіну ұсынылады, — деп хабарлады Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы.
Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабы сәйкес көпқабатты үйлердің ортақ кеңестігі, оның ішінде кіреберісте, подъезде шылым шегуге болмайды. Сондай-ақ ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Заңында да үйлердің кіреберісі тыйым салынған аумаққа жатады. Ал эпидемиологтар болса мұндай сұрақ құзыретіне кірмейтінін айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, әлемде 1,7 млн-ға жуық адам «еріксіз шылым шегудің» құрбаны болды. Бұл келеңсіз жайттың зардабын тартқандардың төрттен бірінен астамы — қорғансыз балалар. 2023 жылы олардың саны шамамен 767 млн адамға жеткен.