Қос аяғынан айырылған қыз баланы оңалту шараларын мойнымызға аламыз — министр
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жол апаты салдарынан екі аяғынан айырылған қыз баланы оңалту шарасын толығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауапкершілігіне алады. Бұл туралы ведомство басшысы Светлана Жақыпова мәлім етті.
— Протездеу бойынша барлық қызметті, сондай-ақ оңалту шарасын өз мойнымызға аламыз. Кеше бұқаралық ақпарат құралдарында да ақпарат жарияланды, яғни қыз бала Егіндікөл аудандық емханасында тіркелген. Қазір дәрігерлер тарапынан жеке оңалту бағдарламасы әзірленіп жатыр. Отбасы біздің қарауымызда, — деген түсінік берді Светлана Жақыпова Мәжілісте БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Кеше Астанада жол апатынан екі аяғынан айырылған қыз бала ауруханадан шықты.
Еске салайық, Астанада автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанға соқтығысқаны анықталды.
Жол апатынан бір зардап шегушінің жағдайы ауыр екені, ота жасалатыны айтылды. Кейін зардап шеккен 1 жолаушының аяғына ампутация жасалғаны белгілі болды.