Қос азаматтық үшін жазаны қатаңдатуға қарсы емеспіз — ҚР ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха қос азаматтық үшін жауапкершілікті күшейту туралы ұсынысқа пікір білдірді.
Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте журналистер Мәжіліс депутаттарының қос азаматтық үшін жауапкершілікті қатаңдату туралы ұсыныстары жөнінде сұрақ қойды және ІІМ өкілінің пікірін сұрады.
– Егер қос азаматтық анықталса, ең қатал жаза – Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру. Онсыз да мұның өзі қатаң жаза. Дегенмен, біз депутаттармен бұл мәселелерді талқылаймыз және ұсыныстар болса, оларды қарастыруға дайынбыз. Жалпы алғанда, жазаны қатаңдатуға қарсы емеспіз, – деді Игорь Лепеха.
Еске сала кетсек, Павлодар облысында қос азаматтыққа қатысты мыңнан астам дерек анықталды.
Абай облысында жыл басынан бері қос азаматтық үшін 15 адам жауапқа тартылды.