Қос азаматтығы анықталған тұлға мемлекеттік қызметтен бірден шеттетілуі тиіс - Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы

АСТАНА.  7 қараша. ҚазАқпарат -  Қос азаматтығы анықталған тұлға мемлекеттік қызметтен бірден шеттетілуі тиіс.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мәлім етті.

Талқылау барысында депутат Рауан Шаекин жобадағы мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптарға тоқтала келе, қос азаматтық мәселесіне де назар аударған болатын.

«Біздің заңымызға сәйкес басқа елдің азаматтығын алған тұлғаға Қазақстан азаматтығы бірден тоқтатылады. Алайда, тәжірибе жүзінде біздің елімізде қос азаматтық алып мемлекеттік қызметті атқарып жүрген тұлғалар бар және олардың басым бөлігінің Ресей азаматтығын алғаны айтылады. Тіпті бұл кейде мемлекеттік құпия саналып та жатады. Сондықтан осы мәселеге қаралып отырған заң жобасы арқылы нақты шектеу бола ма?»,-деп сұрады Р. Шаекин.

Өз кезегінде агенттік төрағасы Ә. Бәйменов қос азаматтықтың конституциямен тыйым салынғанын  айтты.

«Ал, біздегі басты проблема мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасуға қатысты секілді. Өйткені, шетелдердің барлығы бірдей біздің азаматтарымыздың олардың азаматтығын алғаны туралы ақпарат ұсына бермейді. Кейбір елдерде қос азаматтық құпталады. Сондықтан, мемлекеттік органдарда қызмет ететіндер арасында қос азаматтығы анықталған тұлға бірден шеттетілуі керек. Яғни, қос азаматтық алған мемлекеттік қызметші конституцияға және осы заң жобасының нормасына қайшы келетіндіктен бірден қызметтен шеттетілуі шарт»,-деді Ә. Бәйменов.