ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары қос азаматтығы бар әйелді анықтады. Ол бір жылға жуық уақыт бойы Қазақстаннан және Ресейден зейнетақы алған.
«Алтай ауданының полицейлері аудан әкімдігімен салыстырып тексеру жүргізу кезінде аталған фактіні анықтады. 2021 жылы Алтай қаласының 74 жастағы тұрғыны РФ Красноярск өлкесі бойынша шет мемлекеттің азаматтығын алған. Алайда бұл туралы ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының тиісті мекемелеріне хабарламаған. Осылайша екі елден де зейнетақы төлемдерін алып отырды», - делінген ақпаратта.
Қазақстандық құжаттарды пайдаланғаны үшін шетел азаматын Алтай ауданының соты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы 2-бөлігімен 200 АЕК сомасында айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартты. Қазіргі уақытта құжаттары алынып, ҚР азаматтығынан айырылды.
Айта кетейік, ШҚО-да жыл басынан бері азаматтық туралы заңнаманы бұзғаны үшін 75 адам жауапқа тартылған.