Қос азаматтығы бар екі келіншек Қазақстаннан шеттетілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы әуежайында Қазақстан заңын бұзған Түркияның екі азаматшасы ұсталды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА Көліктегі ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Алматы әуежайындағы Ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнаманы бұзғаны үшін «Киев-Алматы» рейсімен ұшып келген 44 жастағы Түрік азаматшасын әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Көлік полицейлері оған қатысты ҚР ӘҚтК 496-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Алматы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен жоғарыда айтылған азаматша елден шеттетілді», - деп хабарлады көліктегі ІІД-ден.

Департаменттің ақпаратына сәйкес сол күні Алматы әуежайына қонған «Ыстанбұл-Алматы» рейсінен желілік ІІБ қызметкерлері осындай заң бұзушылық жасағаны үшін 1981 жылғы Түркияның тағы бір азаматшасын жауапкершілікке тартты.

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ұсталған әйел Қазақстаннан шығарылып жіберілді.

Еске салсақ, жыл басынан бастап ҚР ІІМ Көліктегі ІІД учаскесінде екі елдің азаматтығы бар 58 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.