Қос азаматтығы бар ер адам Қазақстаннан шығарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының көші-қон полициясы қос азаматтығы бар ер адамды анықтады. Сот үкімімен оны Қазақстаннан шығарып жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот материалдары бойынша Д. есімді азамат 2012 жылы Германия азаматтығын алған болатын. Алайда шетелдің төлқұжатын алғаны жайында құзіретті мемлекеттік органдарға хабар бермеді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 2-бабы, 496-тармағына сәйкес, Қазақстан азаматы өзге елдің азаматтығын алса, 30 күннің ішінде тиісті мемлекеттік органдарға хабарлауы тиіс. Ал Д. есімді ер адам бес жылдан астам уақыт бойы қос азаматтықпен жүрген.

«Аталған құқықбұзушылық үшін Д. әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Судья оны Қазақстан Республикасынан шығарып жіберу жөнінде шешім қабылады. Сот үкімі күшіне енді», - делінген Астана қалалық соттың ресми хабарламасында.