АСТАНА. ҚазАқпарат Бухаресте 23 жасқа дейінгілер арасында күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында қос қазақстандық балуан қыз қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы мәлім еткеніндей, Марина Седнева мен Гүлмарал Еркебаева үздік үштікке ілікті.
М.Седнева 55 кг салмақта қола жүлде үшін бәсекеде ресейлік Марина Симонянды 9:0 есебімен ойсырата ұтты.
Г.Еркебаева 76 кг салмақта румыниялық Каталина Аксентенді дәл осындай есеппен тізе бүктірді.
Қазақстандықтардың тағы бір қола жүлдеден үміті бар. Жәмила Бақбергенова 72 кг салмақта түрік балуанына жол берді. Ол қола жүлде үшін үндістандық немесе италиялық балуанның біреуімен кілемге шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын грек-рим күресі шеберлері Қаһарман Қисметов пен Аманғали Бекболатовтың әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанын жазған болатынбыз.
Бухаресте 23 жасқа дейінгілер арасында күрес түрлерінен өтіп жатқан дүниежүзілік дода 18 қараша күні мәреге жетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).