НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қос қазақстандық дзюдошы Ресейдің Орынбор қаласында өтіп жатқан Еуропа ашық кубогының қола медалін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан дзюдо федерациясынан мәлім еткеніндей, Ғұмар Қырғызбаев пен Аңсарбек Ғайнуллин жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Ғ.Қырғызбаев 66 кг салмақта жұбаныш финалында әзербайжандық Нурлан Османовты таза жеңді. Жарыстың жартылай финалына дейін сүрінбеген Ғұмар содан кейін ресейлік Мұрат Шопановқа есе жіберді.
Батысқазақстандық А.Ғайнуллин 73 кг салмақта тағы бір қола жүлдені ел қоржынына салды. Ол жарыс барысында 7 кездесу өткізіп, соның алтауында жеңіске жетті.
Еуропа ашық кубогы 19 мамырда мәреге жетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).