Қос зейнеткерді мерт қылған қанішерлер тұзақталды

АСТАНА. Маусымның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарасты Котяевка ауылында екі зейнеткерді қатарынан өлтірді деген күдікпен екі азамат ұсталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ішкі істер министрлігінің мәліметтерінше, оқиға мамырдың 26-сы күні болған. Атырау облысының Құрманғазы ауданының Арна ауылында бас сүйегі жарақаттарының салдарынан мерт болған 85 жасар зейнеткер әйелдің мәйіті өзінің үйінде табылған. Сондай-ақ оның отағасы да басынан алған жарақаттан ауруханада көз жұмды.

Аталмыш әрекет бойынша жүргізілген жедел-іздестіру шарасы барысында саусақ іздері бойынша осы ауылдың бұрын ауыр қылмыс жасап, сотталған 2 тұрғыны ұсталады. Оларды сол маңнан қарттар мерт болған күні көршілері көрген.

Ұсталған азаматтар зейнеткерлердің үйінен ақша іздегендерін, ал қаржыны қарттар бермеген соң оларды өлтіріп кеткендіктерін айтқан.