Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай Қазақстан әйелдер қауымының бір топ өкілдерімен кездесіп, көктем мерекесімен құттықтады. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Көсегені көгертер «көктем шуағы» деген тақырыппен мақала жарияланды. Жарияланымда «Сіздермен бүгінгі кездесуді "Көктем шуағы" деп атадым. Алдағы уақыттағы кездесулер осындай атаумен аталатын болсын. Біздің әсем Астананың төңірегінде ақ қар жатыр. Кең байтақ еліміздің солтүстігінде қар жатса, оңтүстігінде бәйшешек шығып, жер гүлдену үстінде. Сіздердің мерекелеріңіз осыған тұспа-тұс келеді. Халқымызда: "Күллі тіршілік, ізгілік атаулы күннің нұрымен, ананың ақ сүтімен келеді", деген сөз бар. Ардақты ана, асыл жар, аяулы қарындастың ортақ мейрамы - 8 наурыз шынында да баршаның жанына жылу сыйлайды. Сондықтан да мен осы күнді көктемнің шынайы шуағына баладым», деген Елбасының сөзі келтірілген. Басылымның атап өтуінше, қазақстандық кәсіпкерлер Нидерланды Корольдігінен Қазақстанға 160 миллион долларға гүл сатып алмақшы екен. Сол гүлдерді өз жерімізде өсірсек, осыншама қаржы өзімізде қалар еді. Бизнесмендер соны неге ойламайды? Елбасы кездесу барысында осыны бизнесмендерге құлаққағыс ретінде атап өтті.
Мемлекет басшысының Қазақстан әйелдер қауымының бір топ өкілдерімен кездесіп, көктем мерекесімен құттықтауы «Алаш айнасы», «Айқын», «Астана ақшамы», «Казахстанская правда», «Литер» газеттерінде де жарық көрген мақалаларға арқау болған.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевты қабылдады», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Министр Елбасын ведомствоның 2009 жылғы жұмыс қорытындылары мен «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Президенттің Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын алдағы кезеңдегі міндеттер туралы хабардар еткен. Министрлік алдында озық технология мен қарқынды өндірісті қолдануға бағытталған ауыл шаруашылығына субсидия бөлу және мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру міндеті тұр.
Елбасының Ауыл шаруашылығы министрін қабылдағанын атап өткен «Казахстанская правда» газетінің жзуынша, әңгімелесу кезінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы, инвестициялық жобаларды іске асыру, соның ішінде «ҚазАгро» арқылы қаржыландыру жайы талқыланған. «Мемлекет басшысы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өңдеуші өнеркәсіпті жүйелі дамыту, аграрлық ғылымды одан әрі реформалау жөнінде нақты міндеттер қойды», депті журналистерге арналған брифингте А.Күрішбаев.
«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, бейсенбі күні еліміздің Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Женевадан Швейцарияның астанасы - Берн қаласына барған. «Ол мұнда Швейцария Конфедерациясы басшылығымен екіжақты кездесулер өткізіп, екі ел арасындағы көпқырлы ынтымақтастықтың қазіргі қадамдары мен болашақ перспективалары жөнінде келіссөздер жүргізді», дп жазады басылым. ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрінің шет елдегі сапары жайында тереңірек білгіңіз келсе ел газеті «Егемен Қазақстанның» сенбілік нөмірінде жарық көрген «Швейцария - тиімді әрі перспективалы әріптес» деген мақалаға назар аударыңыз.
***
«Алаш айнасы» газетінің сенбілік нөмірі толығымен ақ жаулықты аналарымызға, айдай сұлу аруларымызға, Алла қосқан адал жарларымызға арналып отыр. Мәселен, журналист Мәриәм Жагорқызының «Қазақтың келіні қандай болуы керек?!» деген мақаласы оқырманға ой салумен қатар нәзік жандыларды әдептілікке, инабаттылыққа, тура жолға шақырады.
Қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрлерінің бірі қыз алып қашу. Бұл дәстүрді бүгінде жақтайтындар да бар, даттайтындар да бар. Мәселен, жазушы Дидар Амантай «қыз алып қашуда тұрған ештеңе жоқ. Ол өзіміздің төл дәстүрлеріміздің бірі», - деп уәж айтса, «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова керісінше, қыз алып қашуды қылмыс санап, онымен күресу керектігін айтады. Есімі елге белгілі екі тұлғаның ой-пікірлерін егжей-тегжейлі оқығыңыз келсе «Алаш айнасы» газетінің дәстүрлі «Ой көкпар» айдарында жарияланған «Қыз алып қашуды дәстүр емес, қылмыс деп есептеу керек пе?» деген мақалаға зейін қойыңыздар.
***
Кеше елордадағы Конгресс-Холл сарайында Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік концертті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, тамашалады. Осыған орай «Астана ақшамы» газетінде «Арнаймын алғысымды тек өзіңе» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның жазуынша, қыз-келіншектер мен ақ жаулықты аналар алдына шыққан эстраданың танымал орындаушылары: ҚР халық әртісі Әлібек Дінішев және Лаки Кесоглу, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медеу Арынбаев, «Ялла» ансамбілінің жетекшісі Фарух Закиров, халықаралық байқаулардың лауреаты Игорь Благодарный және Азамат Жылтыркөзов, «Super Star» жобасының жеңімпазы Алмас Кішкенбаев өнер көрсеткен.
«Астана ақшамы» басылымының да сенбілік нөмірі толығымен нәзік жандыларға арналған.
***
«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының сенбілік қонағы - Мәжіліс депутаты Айткүл Самақова. «Әйел билікті қоғамның игілігі үшін пайдаланды» деген тақырыппен жарық көрген екеуара әңгіме барысында А.Самақова басылым тілшісінің сауалдарына тұщымды жауап берген. Сұхбат барысында ол «әлемдік тәжірибе көрсеткендей, әйелдер әдетте билікті басып алуды емес, оны қоғамның өмірін жақсартуға пайдалануды мақсат тұтатын «ізгілікті» саясат ұстанады. Сондықтан әйелдер саясатта көп болған сайын біздің балаларымыз бен немерелеріміздің өмірі жақсырақ әрі жайлырақ болады» деген пікірін білдірген.
«Қазіргі уақытта Голливудта жұмыс істеп жүрген белгілі кинорежиссер Тимур Бекмамбетов Лос-Анджелес төңірегінде қазақ мәдениетінің паркін ашпақ», деп жазады «Экспресс-К» газеті. «Онда американдықтар келіп, қазақ үйде тұрып, қымыз ішіп, қазақ музыкасын тыңдап, түрлі сыйкәделер сатып алуға мүмкіндік алады», депті ол қазақстандық басылымдардың біріне берген сұхбаты барысында.