Сена бойындағы сән-салтанат
Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты жазғы Олимпиада ойындары тарихында тұңғыш рет стадионда емес, табиғат аясында, яғни Сена өзенінің бойында өтті. Осылайша, француздар дүбірлі дода басталмай жатып Олимпиаданың ерекшеліктерге толы болатынын ұқтырды.
Әу баста ұйымдастырушылар ашылу салтанатын өзенде ұйымдастыру — стадионда өткізуге қарағанда анағұрлым күрделі екенін, десе де көрерменге әсері мүлде бөлек болатынын айтқан еді.
Шынымен де, Париж шаһарын қақ жарып өтетін Сена өзенінің бойында ұйымдастырылған салтанатты ашылу рәсімі көпшілікті ерекше сезімге бөледі. 500 мыңға жуық көрермен былай тұрсын, теледидардың ар жағындағы спорт сүйер қауым «бәрекелді!» дескені анық.
Спортшылар шеруі ерекше өтіп, делегациялар Сена өзенін қайықпен жүзіп өтті. Спортшыларды тасымалдау үшін 80 қайық жұмылдырылғанын атап өткен жөн.
Алғашқы күн. Алғашқы жүлде
Париж Олимпиадасында 205 елдің 10 500 спортшысы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салды. Олардың қатарында ресми түрде 80 отандасымыз болды. Әрине, Олимпиада басталмай жатып Рыбакина мен Путинцеваның денсаулығына байланысты жарысқа қатысудан бас тартуы отандастарымыздың наразылығын тудырғаны рас.
Дей тұрғанмен, Қазақстан қоржынына Олимпиаданың алғашқы күні-ақ үш жүлде түсіп, еңсеміз көтеріліп қалды.
Нысана көздеуден Париж Олимпиадасында ел қоржынына алғашқы жүлде түсті. Пневматикалық винтовкамен 10 метрге нысана көздеуден аралас командалық сында Ислам Сәтпаевпен Александра Ле Олимпиаданың қола жүлдесін жеңіп алды.
Алғаш рет олимпия ойындарына қатысып тұрған Ислам Сәтпаев пен Александр Ле жұбы Германия құрамасынан (Анна Янсен, Максимилиан Ульбрих) басым түсті.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы нысана көздеу спортынан соңғы рет 1996 жылы жүлде алған. Ол кезде ел қоржынына Сергей Беляев — екі күміс, Владимир Вохмянин бір қола салды. Содан бергі 28 жылда мергендеріміз Олимпиада жүлдесін иеленген емес.
Сметов — Олимпиада ойындарының толық кавалері!
Күтпеген қолаға қол жеткізіп, қуанышымыз қойнымызға сыймай отырғанда, дзюдошы Елдос Сметов Париж Олимпиадасының чемпионы атанып, бөркімізді көкке аттық. 60 келіге дейінгі салмақта белдескен отандасымыз финалда Лука Мхеидзеден (Франция) басым түсті.
Айта кетейік, Елдос 2016 жылы Рио Олимпиадасында күміспен күптелген болатын. Ал төрт жылдан кейін Токио Олимпиадасында қолаға қол жеткізді. Енді, міне, Париж Олимпиадасының алтынын алып, Олимпиада ойындарының толық кавалері атанды.
Париж Олимпиадасының алғашқы күнінде ел қоржынына түскен алтын жарыстағы соңғы алтын болатынын кім ойлаған?..
Париждегі олжа
Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медальға қол жеткізді. Нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпы есепте 43-орыннан көрінді.
Жоғарыда жазғанымыздай, алтын жүлдені дзюдодан Елдос Сметов иеленсе, күміс жүлдені спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен Демеу Жадыраев (77 келі) және бокстан Нұрбек Оралбай (80 келі) қоржынға салды.
Қола жүлдені мергендер Ислам Сатпаев пен Александра Лемен қатар, дзюдодан Ғұсман Қырғызбаев (66 келі) және әйелдер боксынан Назым Қызайбай (51 келі) жеңіп алды.
Өзбек — өз ағам, қырғыз-қазақ бір туған
Олимпиада барысында отандастарымыз бауырлас елдердің спортшыларына да жанкүйерлік танытқанын көрдік. Өзбек, қырғыз жанкүйерлері де Париж төрінде «Қазақстан!» деп көк туды желбіретіп, демеу көрсеткені мәлім. Осы ретте, аталған екі ел спортшыларының тарихи жарқын жетістіктерін атап өтуді жөн көрдік.
Париж Олимпиадасында Қырғызстан құрамасы 2 күміс, 4 қола медаль еншіледі. Атап айтсақ, әйелдер күресінен Мейірім Жұманазарова мен боксшы Мұнарбек Сейітбекұлы күміс медаль иеленсе, грек-рим күресінен Жоламан Шаршенбеков, Ақжол Махмудов, Узур Жузупбеков, әйелдер күресінен Айсұлу Тыныбекова қолаға қол жеткізді.
Айта кетейік, қырғыздар әзірге Олимпиада ойындарынан алтын медаль ала алмай жүр. 57 келі салмақта жұдырықтасқан
Сейітбекұлы тарихқа өзгеріс енгізуге шақ қалған еді. Десе де, ол қырғыз тарихына бокстан алғашқы жүлде сыйлаған спортшы ретінде тіркелді.
Париж Олимпиадасында Өзбекстан құрамасы тарихи жүлделеріне қол жеткізді.
Нақтырақ айтсақ, олар Париж төрінен 8 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алып, жалпы медальдар кестесінде 13-орынға тұрақтады. Бұл — Өзбекстан құрамасының Олимпиада ойындарындағы ең үздік тарихи көрсеткіші.
Өзбекстан құрамасындағы 8 алтынның бесеуін боксшылар жеңіп алса, қалған үшеуін дзюдо, еркін күрес және таэквондодан сынға түскен спортшылар еншіледі.
Алтынды бокстан Хасанбой Дусматов, Асадхуджа Муйдинхужаев, Лазизбек Муллажонов, Абдумалик Халоков, және аса ауыр салмақта Баходир Жалолов жеңіп алды.
Осылайша Өзбекстан боксшылары арасынан екі былғары қолғап шебері екі дүркін Олимпиада чемпионы деген атаққа қол жеткізді. Жалолов осыған дейін Токио Олимпиадасында тағы да 92 келі салмақта топ жарған болатын. Ал Дусматов 2016 жылы өткен Рио Олимпиадасында топ жарған еді.
Ал дзюдодан Диёра Келдиёрова чемпион атанса, еркін күрестен Разамбек Жамалов бас жүлдені қанжығалады. Сонымен қатар таэквондошы Улугбек Рашидов чемпион атанды.
Димаштың дауысы һәм болгар қызының күмісі
Олимпиада ойындарында Болгарияның көркем гимнастика спортшысы Боряна Калейн Димаш Құдайбергеннің «SOS d’un terrien en détresse» композициясына өнер көрсетті.
Нәтижесінде Димаштың әнінде өнер көрсеткен гимнаст Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Айта кетейік, Димаш есімі әлемге дәл осы ән арқылы танылған болатын. Ол 2017 жылы Қытайдағы «I’m a singer» жобасына қатысып, «SOS d’un terrien en détresse» әнін француз тілінде шырқаған еді.
Париж Олимпиадасындағы ерекше сәттер
Париж Олимпиадасында әдеттегідей рекордтар, тосын сыйлар, күтпеген оқиғалар тіркелгені анық. Бұл ретте, жанкүйерлер есінде қалған айшықты сәттерге тоқталғанды жөн көрдік.
Кубалық балуан — 5 дүркін Олимпиада чемпионы!
41 жастағы кубалық палуан Михаин Лопес Нуньес Париж төрінде грек-рим күресінен 130 келіге дейінгі салмақта топ жарып, спорттық мансабында 5 дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Бұған дейін Нуньес Бейжің, Лондон, Рио және Токио Олимпиадасында алтын медаль таққан еді.
Париждегі финалдан соң кубалық балуан мансабын аяқтайтынын айтып, бозкілемге аяқ-киімін қалдырып кетті.
Мен — әйелмін!
Олимпиада барысында әлемді елең еткізген тағы бір мәселе — гендерлік дау. Атап айтсақ, әйелдер боксында 66 келі салмақта Алжир намысын қорғаған Иман Хелифті қарсыластары «трансгендер» деп айыптап, еркекпен жұдырықтасып жатқандай әсерде екенін алға тартқан болатын.
Десе де, боксшының әкесі оның бала күнгі суреттері мен туу туралы куәлігінің суретін көрсетіп, қызына қатысты даудың нүктесін қойды. Олимпиада бойы жағымсыз пікірлерді естіп келген Иман Хелиф ақыры Париж Олимпиадасының чемпионы атанды.
Айта кетейік, 2023 жылы Халықаралық бокс федерациясы (IBA) Хелиф пен Тайваньнан Линь Юйтинді Үндістандағы әлем чемпионатында гендерлік тест нәтижесіне байланысты дисквалификациялаған болатын. Бұл тестте оның ер адамның бойында болатын тестестерондары көп екені анықталған еді. Ал 2024 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті оған әйелдер арасындағы жарыстарға қатысуға рұқсат берді.
Түрік мергені интернеттің жұлдызына айналды
51 жастағы түрік мергені — Юсуф Дикеч Олимпиадада күміс жүлдеге қол жеткізгеннен кейін әлемдік интернетте жұлдызға айналды. Спортшының мінсіз стилі мен жабдықты киюден бас тартуы оны танымал еткенін атап өткен жөн.
Олимпиада барысында жүлде алған өзге елдің спортшылары мергеннің тұрысын қайталап, жеңісін тойлап жатты.
Айта кетейік, Юсуф Дикеч ZOOM арқылы Jibek Joly журналисі Күнсая Құрметке сұхбат берді.
Түйін: Медаль көрсеткіші бойынша АҚШ спортшылары қатарынан 4-ші мәрте жеңімпаз атанғанын атап өткен жөн. ХОК ресми сайтының ақпаратына сүйенсек, АҚШ спортшылары Қытай спортшыларын соңғы сәтте ғана басып озған.
Атап айтсақ, АҚШ спортшыларының қоржынында 40 алтын, 44 күміс, 42 қола бар. Ал, олардың басты қарсыласы Қытай Халық Республикасы 91 медальмен (40, 27, 24) жазғы Олимпиада ойындарын аяқтады.
Әрине, қай спортты алсақ та, ерекше оқиғалар тіркеліп жатты. Халқы аз елдер, сәйкесінше Парижге аз спортшымен келген мемлекеттер өз тарихында алғашқы жүлделерін алды. Үздіктер көш соңында қалса, әлсіздер топ жарды. Бұл — спорттың заңдылығы. «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деп осындай дүбірлі додаларда айтылса керек.
Ендігі жазғы Олимпиада ойындары АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтеді. Парижде бағы жанбағандар АҚШ төрінде жасындай жарқылдар. Қазақстан құрамасы да қоржынға алтынды мол салар. Уақыт — төреші.