Көші-қон заңнамасын бұзғанҮндістан мен Тәжікстанның 13 азаматы жауапкершілікке тартылды
Үндістан мен Тәжікстанның 13 азаматы Қазақстан көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Ташкент – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру кезінде еліміздің көші-қон заңнамасын бұзған 9 Үндістан азаматын анықтады. Олар заңнамада белгіленген мерзім өткеннен кейін он тәуліктен астам уақыт ішінде кетуден жалтарған.
Құқықбұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК 517-бабының 4-бөлігімен, яғни шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстанның көші-қон саласындағы заңнамасын бұзуы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Шымкент қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жоғарыда аталған шетел азаматтары Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығарып жіберу түрінде жауапқа тартылды.
Көлік полицейлері осыған ұқсас құқықбұзушылықты «Түркістан – Павлодар» бағытындағы жолаушылар пойызын тексеру кезінде де анықтады.
Бұл жолы Тәжікстан Республикасының 4 азаматына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, сот шешімімен әрқайсысына 25 АЕК (86 250 тг) мөлшерінде айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басынан бері көлік полицейлері Қазақстанның көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 1178 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Сот қаулысымен елімізден тыс жерлерге 232 шетелдік азамат шығарылды.