Қошанов қала әкіміне ерте тұрып, қаланы аралауды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов облыс орталығы басшысына қоқыстар мен лас көшелер үшін сын айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат әкімнің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

«Қаланы қоқыстан жақсырақ тазарту қажет. Кеше таңертең мен Қарағандыны аралап шықтым. Түсінікті, әрине, қар енді ғана еріді, бірақ біз қоқысқа көміліп жатырмыз. Бір аптадан соң мен үнемі қаланы аралауға шығатын боламын. Нұрлан Ерікбайұлы (Қарағанды қаласының әкімі- авт.), сіз қаланың басшысы ретінде ертерек ояныңыз. Мен емес, Сіз қаланы үнемі аралап отыруыңыз керек», - деді Ерлан Қошанов Қарағандының әкіміне аппараттық жиналыс барысында.

Облыс әкімі Сәтпаев көшесіне назар аударды, онда жөндеу жұмыстарынан соң көптеген шұңқырлар көрініп, асфальт жабындысы бұзылып жатыр.

«Мен таңертең Сәтпаев көшесінің бойымен жүріп өттім - бір сау жер жоқ! Ал жөндеу жұмыстары 2016  жылы ғана жасалған. Сіз ол көшені көрдіңіз бе? Проблема неде? Екі жыл да өтіп үлгерген жоқ қой», - деп наразылығын білдірді Ерлан Қошанов.

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров мердігерлердің сөзіне сүйеніп, олар барлық проблема судан дейді.

Мұндай жауап облыс әкімінің көңілін толтырмады. Ол заңдық тұрғыда бас мердігерден жолдың сапасына жауап беруін талап ету керектігін айтты.