Қошанов: Мәжіліс – министрлердің маңдайынан сипайтын жер емес
АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов депутаттардың шенеуніктерге дөрекі сөйлеп, эмоцияға берілуі туралы тілшілер сұрағына жауап берді және Үкімет өкілдерінің заң жобасын талқылауға толық дайындықпен келуі керегін айтты.
«Мәжіліс отырысында депутаттар тарапынан шенеуніктерге дөрекі сөйлеп, жеке басқа өтіп жататын әрекеттерді байқаймыз. Қоғамда депутаттардың хайп қуған әрекеттері байқалады деген пікірлер қалыптаса бастады. Бұл депутат этикасына жат па, әлде депутаттардың министрлерді қуырдақша қуыруы қажет пе?», - деп сұрақ қойды тілшілер Мәжіліс кулуарында.
Өз жауабында Ерлан Қошанов бұл барлық әлемдегі парламенттерге тән оқиғалар екенін атап өтті.
«Мәжіліс – министрлердің немесе басқа да лауазымды тұлғалардың маңдайынан сипайтын жер емес. Бұл жерге келгенде депутаттар сұрақ қояды, сұрағына нақты жауап ала алмаса, кейде эмоцияға беріліп те жатады. Бұл барлық әлемдегі парламенттерге тән оқиғалар, Парламентаризмнің өзінің бір заңдылығы деуге болады. Эмоциялар болады. Бірақ бұл эмоция дөрекілікке, жеке басқа өту, агрессияға өту, тілі мен діні, ұлты бойынша кемсітуге жол беруге болмайды. Оны қадағалайтын Мәжіліс төрағасы ретінде мен бармын және этика жөніндегі комиссиямыз бар», - деді Ерлан Қошанов.
Сонымен бірге спикер кейбір министрлер немесе орынбасарлары толық жауап бере алмайтынын немесе жазбаша жауап жолдаймыз деп құтылатынын да айтты.
«Олар да дайындықпен келуі керек қой. Отырысқа келетін Үкімет мүшесі заң жоабсын толық білуі керек, қойылатын сұрақтарға жауабын беруі керек, сонда сындарлы әңгіме болады. Ал бүгінгі күнге дейін жаға жыртысқан, шектен шыққан оқиғалар болды деп ойламаймын», - деді Мәжіліс төрағасы.