Қошанов Мәжілістің жұмысы турасында: Жолдаудағы бастамаларды жедел заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету керек

АСТАНА. KAZINFORM — Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Жолаудағы басты міндеттерге қатысты пікір айтты. 

Фото: Ақорда

— Мемлекет басшысының арнайы назар аударып, жұмысымызға жоғары баға беруі заң шығару ісінде қарқынымызды одан ары арттыруға құлшындыра түседі деп ойлаймын. Бәріңіз Жолдаумен егжей-тегжейлі танысып, одан алған әсерлеріңізді, түйген ойларыңызды айтып, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде бөлісіп жатсыздар. Әрқайсыңыз өзіңізге жақын тұсын тауып, жұмыс бағыттарыңызды анықтап алдыңыздар деп білемін. Биылғы Жолдаудың салмағы да, ауқымы да бөлек болды.

Президент маңызды бастамалар көтерді. Алдағы жұмыстың аясын айқындап, нақты мерзімін белгілеп берді. Біздің ендігі міндетіміз — Үкіметпен, азаматтық қоғаммен бірге тығыз әрекет ете отырып, Жолдаудағы барлық бастаманы жедел түрде заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету, — деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында. 

Осы орайда Мәжіліс төрағасы жаппай цифрландыру мен барлық салада жасанды интеллектіні қолдану идеясы осы жолғы Жолдаудың өзегіне айналғанын атап өтті.

Президент стратегиялық мақсат қойып отыр. Ол — Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру. Бұл тұрғыда саланы реттеу үшін нақты заңнамалық тетіктер қажет. Бұл ретте, Цифрлық кодекс пен Жасанды интеллект туралы заң ерекше рөл атқаруға тиіс. Қазір олар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

— Аталған заңдарды жыл соңына дейін қабылдауымыз керек. Бейінді комитет осы жұмысты жүйелі ұйымдастырсын. Екіншіден, жылдам өзгеріп жатқан технологиялар мен жаңа экономикалық жағдайда Мемлекет басшысы алдымызға банктер туралы заңнаманы жаңарту міндетін қойды. Бүгін біз банктер және банктік қызмет туралы заң жобасын талқылауға аламыз. Қолданыстағы заңға отыз жыл толды. Сондықтан ол жаңартуды қажет етіп отыр.

Жаңа заң қаржы секторын икемді әрі инновацияларға ашық ете түсуі керек. Финтех-компанияларды қолдаумен қатар, қарапайым азаматтардың мүддесін қамтамасыз етуге де жол ашады. Жұмыс тобы барлық мүдделі тараптардың пікірін тыңдап, жан-жақты талқылағаны жөн. Жалпы, бұл заңды да жыл соңына дейін қабылдауға тиіспіз, — деді ол.

Сонымен қатар Ерлан Қошанов цифрлық даму қарқын алып отырған қазіргі кезеңде киберқауіпсіздік мәселесіне де айрықша назар аудару керек екенін айтты. Бұл мәселе осыған дейін де депутаттар тарапынан талай рет көтерілген болатын. Осы ретте депутаттар жаңа заңнамалық ұсыныстар дайындайды.

— Жер мәселелерін ретке келтіру бойынша «Жер аманаты» комиссиясы үлкен жұмыс атқарып жатыр. Оған біздің депутаттарымыз да белсене атсалысып жүр. Жалпы көлемі 13,5 миллион гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Президент айтқандай, сол жерлер тұралап бос қалмай, тұрақты айналымға енгізіліп, ел игілігіне қызмет етуге тиіс… Депутаттар Үкіметпен бірге ауыл шаруашылығы жерлерін электронды конкурс арқылы бөлу тетігі бойынша заңнамалық өзгертулер әзірлеуі қажет екені айтылды. Бұл барлық процесті реттеп, ашықтықты қамтамасыз етеді. Енді депутаттар жерді үлестіру үдерісін де қадағалауға атсалысатын болады, — деді Мәжіліс төрағасы.

Айта кетейік, 8 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.