«Биыл экономикалық жағдайдың күрделі екенін білеміз. Шынын айту керек, жылдан жылға қайталана беретін проблема көп. Бюджетті қалыптастыру кезінде, әсіресе кіріс бөлігінде үнемі дұрыс болжам жасалмайды. Әлеуметтік-экономикалық даму жоспары нақты мүмкіндіктермен қабыса бермейді. Нәтижесінде елдегі жағдай нақты экономикалық жағдайдан алшақ. Мемлекеттік органдар жыл сайын бюджетті қарау кезінде бізді мемлекеттік қазынаның теңгерімді екеніне сендіреді, ал жыл соңында кіріс жеткіліксіз болып Ұлттық қордың қаражатына жүгінеміз. Еліміздің бюджеті Ұлттық қордың қаражатынсыз шешімін таппай келеді», — деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ, Мәжіліс спикері Үкіметтің бюджет кірістері есебін сынға алды.
«Үкімет ішкі жалпы өнімі өсімінің оң экономикалық қарқыны туралы әдемі цифрлармен безендірілген баяндама жасайды. Ал іс жүзінде біз оны көріп отырған жоқпыз. Шағын және орта бизнес экономиканың қозғаушы күші болуы керек. Бірақ, кәсіпкерліктің даму қарқыны және белсенділігі мардымсыз. Инфрақұрылымдық жобаларға, өңірлерді дамытуға қомақты қаржы құйып отырмыз, бірақ кіріс көзге көрінбейді», — дейді ол.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс бюджетті нақтылауға арналған заңды қабылдады.