Көшеде аю жүр: ШҚО-дағы Серебрянск қаласының тұрғындарына ескерту жасалды
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Серебрянск қаласында аю орталық алаңға дейін кіріп кеткен.
Әлеуметтік желіде аюдың Серебрянск қаласының орталығында емін-еркін жүрген видеосы тарап кетті.
Қалалық әкімдік видеоның шынайы екенін растады. Сол жерге жедел әрекет ету топтары аттанған. Олардан бөлек, түз тағысын іздеуге полиция мен орман инспекциясы жұмылдырылды. Дегенмен, аю әзірге табылмай жатыр.
- Қазір біз бірлесіп аюды іздеп жатырмыз. Оның қайдан келгенін нақты айту қиын. Бір болжам бойынша өзенді жүзіп өткен болуы мүмкін. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін барлық тиісті шаралар қабылданған, - деді Серебрянск қаласы әкімінің орынбасары Ксения Короткова.
Оның айтуынша, аюды тамыз айының басында қала маңынан көргендер де болған. Бірақ сол кезде ол ұстатпай кетті.
Осы ретте, тұрғындарға қараңғы уақытта далаға шықпауға және балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес берілді.
Еске салсақ, осыған дейін Нидерландыда қасқыр алты жастағы балаға шабуыл жасағаны хабарланған.