Көшеде көлікпен жүруге уақытша тыйым салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Римде демалыс күні кейбір көшелерде жол қозғалысы шектелді. Онда тек қоғамдық көлік немесе велосипед арқылы қатынауға болады, деп жазады 24.kz.

Бұған өткен жылдың желтоқсан айында ауаға зиянды қалдықтардың шамадан тыс тарауы себеп болды. Жағдайды назарда ұстау мақсатында билік өкілдері тарихи және жасыл белдеу аймақтарында жылына бірнеше рет жол қозғалысын шектеу туралы шешім қабылдаған.

Көлік қозғалысына таңертең және түс кезінде тыйым салынған. Ережеге бағынбағандарға 100 еуро көлемінде салық салынады. Мұндай қадамға билік былтырғыдай ауаның шамадан тыс ластануына жол бермеу үшін барып отыр.

Қалада 2 миллионнан астам автокөлік, тағы 100 мың мотоцикл бар. Яғни 1000 тұрғынның жан басына шаққанда 1040 көліктен келеді. Бұл Еуропаның басқа қалаларымен салыстырғанда өте көп.

Мәселен Париждің 1000 тұрғынына 415 көліктен тисе, Лондонның әрбір үшінші азаматы жекеменшік көлікпен қатынайды.

Көп күтпестен шара өз нәтижесін берді. Қоғамдық көлік тоқтаусыз жүріп тұрғанына қарамастан, ауаның ластануы әдеттегіден төмен дейді, - мамандар.

Дегенмен, мәселе мұнымен бітпейді. Тозығы жеткен жекеменшік және қоғамдық көліктер ауаға зиянды қалдықтарды көбірек шығарады. Соның салдарынан халық тығыз орналасқан Рим мен Милан сынды қалалардың экологиясы ластанып отыр.