Көшелер қақ айырылып, үйлер қираған: Верный және Кемин жер сілкіністері туралы не білеміз

Фото: Freepik

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мыңжылдық тарихы бар Алматы қаласында жойқын жер сілкінісі қашан болды? Бұл сауалға Ұлттық сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Елизавета Есенжігітова жауап берді.

Айтуынша, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында Алматы аймағында 2 рет ірі жойқын жер сілкінісі тіркелген.

«Алматыдағы күшті жер сілкінісі алғаш рет 1887 жылы қала Верный аталған тұста 8 маусым күні тіркелді. Таңғы 5-тер шамасында, жұрт шырт ұйқыда жатқанда қалада магнитудасы 7,3 балл болатын жер дүмпулері сезіледі. Оның эпицентрі қаладан 20 шақырым қашықтықта Іле Алтауының солтүстік беткейінде болды. Верный қаласымен қатар маңындағы елді-мекендерге Қаскелен, Ұзынағаш, Есік, Түрген, Талғар 9 балға дейін сезілді. Жер сілкінісінің салдарынан Верный қаласы толығымен қирады. Сонымен қатар, таулы аймақтарда жер сілкінісінің салдарынан сырғыма, лай көшкіні, құлама сияқты геологиялық құбылыстар байқалды. Соның бір көрінісі Ақсай өзінінің жоғарғы ағысындағы Ақжар құламасын айтуға болады, оның көлемі 15 млрд текше метрге жетіп, Ақсай өзен арнасын толық толтырды. Сондай-ақ тау бөктеріндегі жарылымдардан субұрқақтары атқылады. Жер сілкінісінен кейін көптеген ілеспе дүмпу (афтершок) тіркелді. Жарты жыл бойы 250-ден астам жер дүмпуі тіркелген мәліметтер бар. Бұл Вернендік апат деп аталады», – деді Елизавета Есенжігітова.

Алматы тарихындағы екінші жойқын апат 1911 жылдың 3 қаңтар күні болған. Сол кезде магнитудасы 8,2-ге жеткен. Осы зілзала салдарынан қала ішіндегі көшелер қақ айрылып, үлкен жырықтар пайда болған.

«Жер сілкінісінен туындаған ошақ жарылымының ұзындығы 200 шақырым болды. Алматы қаласы бұл жер сілкініснен де толық қирады. 450 адам көз жұмды. Апаттың күштілігіне орай оған «Кеминдік» деген атау берілген. Себебі жер тербелісінен соң, қала ішіндегі көшелер қақ айырылып, адам бойымен бірдей жырықтар пайда болған. Ошақ тереңдігі – 25 шақырым. Бұл зілзалада 780 үй қирады деген мәлімет бар. Оның жойқын болғаны соншалық 1000 км қашықтықта орналасқан Томск, Омск, Көкшетауда айтарлықтай сезілген. 6 ай ішінде 300-ден астам жер дүмпуі тіркелген», – дейді сейсмолог.

Айтуынша, Алматы қаласының сілкініс қауіпінің жоғарлығын ескере отырып, алғаш рет 2017-2018 жылдары шағын сейсмикалық аудандастыру картасы жасалды.

«Карта негізінде Алматы қаласы үшін құрылыс нормалары жасақталды. Осы құрылыс нормаларын жетекшілікке ала отырып, қаладағы барлық құрылыс жұмыстары сілкініске төзімді негізде құрылыстар жүргізілуі тиіс», – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, осы жылы алматылықтар үш рет жерасты дүмпуін сезді.

Алғашқысы, 23 қаңтар күні болды. Оның ұзақ әрі күшті болғаны соншалық тұрғындар үрейленіп, үйінен далаға шықты.

4 наурыз сағат 11:22 кезінде Алматы қаласында тағы да жер сілкінісі тіркелді. Оның қуаты 5 балл көлемінде сезілді.

Бесінші қараша күні Алматы тұрғындары тағы да жер сілкінісін сезінді.