Көші-қон қызметкерлерінің қылмыстық әрекеттері әшкереленді
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметіне сәйкес, Алматы қаласы және Алматы облысының көші-қон басқармаларының лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Қылмыстық топта төрт адам болған. Олар жақын шетелден келген еңбек мигранттарды заңсыз тіркеумен айналысқан.
«Жедел іздестіру шаралары кезінде еңбек мигранттарын тіркеуге арналған заңсыз кеңсе анықталды. Сол жерде 800-ден астам шетел азаматтарының төлқұжаттары, жалған медициналық анықтамалар, дактилоскопиялық құжаттар, фотоға түсіргені туралы таза бланктер және жалған еңбекшарттар табылды», - дейді агенттіктің баспасөз xатшысы Жанна Бастарова.
Оның сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін қылмыстық топ 673 шетел азаматына заңсыз рұқсат құжаттарын жасап берген.
«Соттың шешімімен Бостандық ауданының ішкі істер басқармасы көші-қон бөлімінің бастығы Мұсанов полиция майоры шенінен айырылды. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұдан бөлек, ол 4,7 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Ал делдал Шәмсиев 760 мың теңге көлеміндегі айыппұлға сотталды. Қалған фигуранттарға қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары жалғасуда», - деп атап көрсетті Ж.Бастарова.