Көші-қон саясатын сапалы түрде ұйымдастыру үшін - саясат ең алдымен жүйелі болуы керек - партияаралық кеңес

None
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қыркүйектің 13-де «Нұр Отан» ХДП-нің Орталық аппаратында өткен партияаралық кеңес отырысында көші-қон саясаты және оралмандар құқықтарын сақтауға қатысты мәселелер көтерілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Руханият» Жасылдар партиясы және «Нұр Отан» ХДП-нің ұйымдастыруымен өткен кеңес жұмысына Қазақстандағы саяси партиялар, ҚР Парламент депутаттары, мүдделі министрлік пен комитет басшылары қатысты.

«Руханият» Жасылдар партиясының төрағасы Серікжан Мәмбетәлиннің айтуынша, шетелдегі қазақтардың көші-қон мәселесі өте өткір тұр. Партияларға келген арыз-шағымдарды саралау барысында, «Нұрлы көш» бағдарламасын іске асыру, жұмысқа орналастыру, квота бөлу, жер және несие беру, құжат рәсімдеу сынды жұмыстарда көптеген кемшіліктер орын алып жатқандығы анық байқалған.

«Бұл проблемаларды біз тұрақты көтеріп келеміз. Дегенмен, «Руханият» Жасылдар партиясы бұл істе жалғыз жүріп табысқа жете алмайды. Сондықтан «Нұр Отан» партиясымен бірігіп, мәселені кеңестің талқылауына салуды шештік. Осындағы сұрақтарды Парламент, министрліктер деңгейінде көтеретін боламыз», деді С. Мәмбетәлин.

«Нұр Отан» ХДП-нің жауапты хатшысы Ерлан Қариннің айтуынша, проблемалардың басты себебі - оралмандарды қоныстандыру ісін ұйымдастыратын жауапты бірыңғай үйлестіруші органның болмауы.

«Жүйелілік жоқ, жоспарлы жұмыс жоқ. Бізде оралмандар ісімен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Көші-қон комитеті, Көші-қон полициясы, әкімдіктер, консулдық қызметтер айналысып келеді. Алайда оған жауапты бірыңғай үйлестіруші орган жоқ. Бүкіл проблемалар жауапты органның болмағандығынан туындайды», дейді ол.

Е. Қариннің атап көрсеткеніндей, партияның ендігі мақсаты - ҚР Парламенті деңгейінде «Көші-қон туралы» Заңды қарастырып, сарапшылардың, мүдделі топтардың, меморгандардың қатысуымен оған тиісті өзгерістер енгізу.

«Көші-қонға, азаматтық алуға, тіркелу рәсімін неғұрлым жеңілдетуге қатысы жоқ жасанды кедергілерді, кезеңдерді алып тастау мүмкіншілігін қарастыру қажет. Жетілмеген, қарастырылмаған, ойластырылмаған жайттар жетеді. Әрине, бұл мүлдем жұмыс жасалмады деген сөз емес, мәселе шешіліп жатыр, қаншама қандастарымыз елге оралуда. Дегенмен, бұл үдеріске серпін береміз десек және сапалы түрде көші-қон саясатын ұйымдастыру үшін - саясат ең алдымен жүйелі болуы керек», деп атап көрсетті Е. Қарин.

1991 жылдан бері Қазақстанға түбі қазақ 800 мыңға жуық қандастарымыз көшіп келген. Шетелде әлі де болса, 5 млн. қазақ елімізге қайтсақ деген арманмен тарихи отаны Қазақстанды аңсап жүр.