Көші-қон туралы заң қабылдануы тиіс - Елбасы
11:26, 01 Қыркүйек 2010
АСТАНА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Көші-қон туралы заң қабылдануы қажет. Бүгін төртінші шақырылған ҚР Парламентінің төртінші сессиясын ашу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
Мемлекет басшысы бұл ретте кейбір заңнамалық актілерді азаматтарды тұрғылықты орны бойынша тіркеу туралы заңның да қабылдануы тиістігін атап өтті. «Айналамыздағы тұрақсыздық террористік ұйымдардың белсенді бола түсуі, есірткі трафигі - осының барлығын есепке ала отырып, біз елімізге кім келіп, кім кетіп жатқанын білуіміз керек. Қазір бұл бағытта біршама тәртіп орнатудамыз. Елімізде көптеген ұйымдар көші-қон ісімен айналысуда. Бірақ олардың ешқайсы бізге қанша адам келіп-кеткенін айтып бере алмайды. Сондықтан да біз осы жұмысты бір орынға шоғырландырдық», деген Елбасы сәйкес заңнамалық нормалардың қабылдануы тиістігін атап өтті.