Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстанның көші-қон заңнамасы: жетілдіру жолдары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында депутат Нұрлан Өнербай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Көші-қон туралы» жаңа заң жобасы ең алдымен этникалық отандастарымыздың құқын қорғап, жағдайын жақсартуға жұмыс істеуі шарт. Ал бүгінгі жобада құжаттың бірінші тармағынан бастап «босқындар», «демеушілер», «еңбек мигранттары», «заңсыз көшіп келушілер», «миссионерлер» секілді мәселелерді қамтиды да, ең соңынан барып «отандастар», «этникалық қазақтар» мен «оралмандар» туралы жазылған. Шындығында, Қазақстанда көші-қон туралы заң болатын болса, бұл бірінші кезекте шетелден өз отанына көшіп келушілерді қамтамасыз етуге бағытталуы шарт. Оның үстіне, жаңа жобада отандастарға түсінік бергенде «КСРО-да немесе Қазақстанда туған немесе бұдан бұрын азаматтығында болған және қазір шетелде тұратын азаматтар» ғана «отандастар» болып есептеліпті. Ал, біздің көптеген қандастарымыз кеңес өкіметінің төлқұжатын алмай-ақ, бұл өкіметке мойынсынбастан шетелге бас сауғалаған. Сонда бұлар біздің отандастарымыз емес пе?!» деді Н. Өнербай.
Сонымен бірге, депутат құжаттағы «миссионерлік қызмет» мәселелеріне түбегейлі қарсы шықты. Оның сөзіне қарағанда, заң жобасында «Қазақстан аумағында өз қызметін жүзеге асырушы діни бірлестіктің жарғылық ережелерінде қамтылмаған діни сенімді діни ағартушылық қызмет арқылы уағыздау және тарату» деп көрсетіпті.
«Жалпы, миссионерлік қызметке шектеу қойып заңға енгізгеннің өзінде елімізге үлкен залал келеді. Бұлар ертеңгі күні сол арқылы бір кішкене тетік тауып, елге жайылады. Сондықтан заң жобасында «Миссионерлік қызметке тыйым салынады» деген бап жазылуы шарт. Өйткені, біз қазіргі күні өз қазағымызды өз дінімізге кіргізе алмай, кіргенін сақтай алмай отырған халдеміз. Осы жағдайда отырып «ағартамын, оқытамын, уағыздаймын, дін таратамын, шоқындырамын» деген секілділерді бықсытып отырмыз. Жаңа заңның жақсы тұстарын бадырайтып көрсетіп, білдірместен бір ғана олқылық арқылы бүлдіруге болмайды», деді депутат.