Көші-қон үдерістері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайына айтарлықтай әсер етеді - Сенат Төрағасы
Бүгін ҚР Парламенті Сенатында «Қазақстан Республикасындағы көші-қон процестері және көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіру перспективалары» тақырыбына арналған ғылыми-практикалық конференция барысында сөз сөйлеген Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлім етті.
«Бүгінгі күні халық тығыздығы бар-жоғы бір шаршы метрге 6 адамнан келетін Қазақстан үшін көші-қон саясатын одан әрі жетілдіру аса қажет. Елбасы дәл осы міндетті Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында жүктеген болатын. Көші-қон үдерістері кез келген мемлекеттердегі секілді, Қазақстанның да әлеуметтік-экономикалық және саяси жағдайына зор әсер етеді. Ресми мәліметтерге қарағанда, еліміздің жыл сайынғы ішкі көші-қоны 300 мың адам, ал сыртқы көші-қон 1 млн. адамға жетіп отыр. Ішкі орнықтылық пен тұрақтылықты есепке ала отырып, тіпті дағдарыс жағдайында да еліміздің экономикалық жағдайына және иммиграциялық көңіл күйіне орай, болашақта да көші-қон ауқымы арта түседі деп болжанады», деді Қ. Тоқаев.
Төрағаның айтуынша, ішкі көші-қон үдерісіне көп жағдайда қазіргі урбанизация зор әсер етеді. Сондықтан да, ауылдық өңірлер мен қалалық жерлерге еңбек нарығының теңгерімділігі негізінде экономикалық белсенді халықты қайта бөлудің тиімді үлгісін қалыптастыру міндеті тұр.
«Ал сыртқы көші-қонға келетін болсақ, мемлекет тарапынан жүргізілген кең ауқымды реформа, сондай-ақ бірқатар жақын және алыс шетелдермен визасыз режімнің орнауы нәтижесінде Қазақстан еңбек және этникалық көші-қон үшін тартымды елге айналды. Егер өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдарының басында елден сыртқа кететіндер саны жылына 500 мың адамға дейін жетсе, 2004 жылдан бастап біздің елімізге келетін адамдар саны кетушілерден асып түсе бастады», деді Қ. Тоқаев.