Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының 3 күні ішінде ізін суытпай 11 қылмыс ашылды. Сондай-ақ мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 40 ұсақ бұзақылық фактісі, 200 қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішу дерегі, 51 шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның көші-қон саласындағы ҚР заңнамасын бұзғаны анықталды.
Бұл туралы департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғанов хабарлады. Оның айтуынша, Орал станциясындағы көлік полицейлері Шри-Ланка Республикасының төрт азаматына қатысты Қазақстан Республикасының Көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін тіркеді. Олар визада көрсетілген мерзімде ел аумағынан шығудан жалтарған.
«Құқық бұзушыларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік материалдар толтырылды. Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен шетелдік азаматтарға 5 жыл мерзімге Қазақстан аумағына кіруге тыйым салу белгіленіп, шекарадан тыс жерге шығарып жіберу түрінде жауапқа тартылды», – деді М.Айтуғанов.
Айта кетейік, Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету аумағында ағымдағы жылдың 9-11 қараша аралығында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.