Көші-қон заңы ең алдымен оралманның жағдайына барынша оң әсер етсе игі...

None
trong>АСТАНА. Маусымның 18‑і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Көші-қон мәселесі, оның ішінде тарихи Отанына келгісі келетіндер мен тағдыр тауқыметінен шетел асып барып, елге оралған «оралман» атанып жүргендар мәселесі соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың аса нәзік қырларына айналып барады. Шындығында, 2020 жылға дейін халық санын 20 млн.-дық межеге жеткізуді көздейтін Қазақстан үшін этникалық қазақтарды елге әкелу

мәселесі аса маңызды стратегиялық міндеттерінің бірі.Тәуелсіздіктен бері Қазақстанға оралған шетелдегі қандастарымыздың саны 1 млн.-нан асқаны туралы ресми мәліметтерде айтылады. Өте қуантарлық көрсеткіш. Дегенмен, ежелгі ата қонысына оралған осынау қалың жұртшылықтың Атамекенге келіп орнығуы оп-оңай бола қойған жоқ. Сонда да, олардың басым бөлігі қазіргі қазақ қоғамына араласып, сіңісіп үлгерді. Ендігі мақсат Елбасы үндеген 20 млн.-ға жету үдесінен шығу болса, бұнда да негізгі арқа сүйер - шетелдегі қандастар. Оның үстіне қазақ елінде жүзеге асырылатын ауқымды индустрияландыру бағдарламасы еңбек нарығын қымтап ұстауға, ішкі-сыртқы көші-қон мәселесіне аса салмақты қарауды, жаңаша саясат ұстануды қажет етеді.

Осыған орай болуы тиіс, Қазақстандағы көші-қон заңнамасының заманауи тұжырымдамасын қалыптастыру мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігі «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламент Мәжілісіне жолдаған болатын. Аталмыш құжаттың негізгі мақсаты еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мүддесіне сай көші-қон үдерістерін жаңарту болып табылады. Бұндағы жаңартудың негізгі жаңалықтары да ішкі-сыртқы көші-қон мен халықтың дұрыс орналасуын қамтитын бірнеше бағдарға бөлінеді. Үдерісті болжау, жоспарлау және сараптау шаралары да заңнамалық деңгейде қамтылады. Яғни, қазіргі қолданыстағы көші-қон туралы заңнамада басым жағдайда еңбек мигранттары және этникалық көші-қон мәселелері қамтылса, енді бұл саланың заңнамалық қамту ауқымы да кеңи түседі. Оның ішінде оралман мәртебесі мен мәселесіне де өзгешеліктер енгізіледі. «Этникалық көші-қон саясатында бірқатар өзгерістер бар. Бұл ретте шетелдерде тұратын этникалық қазақтармен жұмыс істеу барысындағы шетелдегі Қазақстан мекемелерінің рөлін арттыру көзделеді. Оралмандарға берілетін әлеуметтік қолдаулар мөлшері олардың қоныстанған өңірлеріне байланысты сараланады. Бұнда оралмандардың басым бөлігін солтүстік аудандарға шоғырландыру бойынша ынталандыру шаралары қарастырылады. Квотаға енгізілгеннен кейін шарттарды орындамаған жағдайда оларға әлеуметтік қолдау ретінде берілген қаражатты қайтарып алу туралы жауапкершілік қамтылады», дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова. Отандастарды Атамекеніне оралтудың 20 жылдық тарихи тәжірибесінен кейін заңнамалық деңгейде ұсынылып отырған негізгі жаңалықтардың бір парасы осыған саяды.

Алайда, қоғамның, әсіресе ата қонысын аңсаған шетелдегі қандастарымыздың мүддесін қорғап жүрген топтың осы заң жобасының жаңа редакциясындағы жаңалықтарға көңілдері толық емес. «Біз осы жолғы Парламентке түскен заң жобасының кереғар тұстарын айтқымыз келеді. Сонымен бірге, бұған дейінгі қолданыстағы олқы тұстар ендігі жаңа жобада шешілсе екен деп үміттендік. Бұлай болмайтын тәрізді. Өйткені, қолданыстағы заңнамада азаматтық алғаннан кейін «оралман» мәртебесінің бірден жойылатындығы туралы бап бар еді. Бұл түзетілген жоқ, қайта осыны одан сайын қиындатып жіберіпті. Мәселен, ұсынылған заң жобасында оралмандар бір жыл ішінде азаматтығын алмайтын болса, оларға азаматтық мәңгі берілмейтіндей нормалар қамтылған. Бұдан бөлек, бұрын Қазақстанға келіп оқитын шетелдік қазақ жастары, мектеп оқушылары сонда оқып жүріп-ақ азаматтық алатын еді. Ендігі күні ондай жастар тек оқуын аяқтағаннан кейін ғана азаматтыққа қол жеткізеді. Бұндай шектеуді шиырлатудың қажеттілігі қанша?», дейді «Жебеу» оралмандардың республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы кеңесінің төрағасы Рақым Айыпұлы. Оның пікірінше, Қазақстанда оралмандарға берілетін атаулы әлеуметтік көмектер мен жәрдемақылардың барлығы оралмандар азаматтық алғаннан кейін ғана бағытталуы тиіс. Яғни, бірінші азаматтық алып, сосын мемлекеттік қолдаулар жасалуы шарт. Ал қазіргі жағдайда Қазақстанда әлеуметтік көмектер азаматтық алмай тұрып беріледі де, азаматтық алған сәттен бастап ондай көмектерден сап тыйылады, мәртебесімен бірге оралман барлық жеңілдіктерінен де жұрдай болады.

«Жаңа заң жобасын әзірлеушілер оралмандарға қатысты азаматтық алу мәселесін жеңілдетеміз деп отыр. Бірақ, одан келер жақсылық аз. Мәселен, Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес, азаматтық мәселесін қарау 3 айдан аспауы тиіс. Демек, «оралман» мәртебесі деген де 3 айдан аспайды деген сөз. Ал 3 айдан кейін оралман мәртебесіндегі адам азаматтыққа өтіп, бәрінен мақұрым қалады, сонда олардың кінәсі не? Заң жобасын әзірлеу барысында әлемдік тәжірибе де дұрыс зерделенбеген. Мәселен, немістер барлық жағдайды, қолдауды біз айтып отырғандай азаматтық алғаннан кейін ғана жүзеге асырады. Бұндай мәселе Қазақстанда да қаралуы тиіс еді. Рас, адам болған соң «аласы» да болады. Оралмен мәртебесін алып, кейін қайта еліне кетіп қалғандар бар шығар. Бірақ, елде қалған, азаматтығын алған оралманның құқы неге бірден шектелуі тиіс. Қайта елге келген, оралман мәртебесін алғандарға азаматтықтан кейін де 4-5 жылға дейін жеңілдіктер берілуі шарт», деді Р. Айыпұлы.

Оның сөзіне қарағанда, кезіндегі зар заманда Түркияға ауып барған қандастарымызға сол елдің үкіметі 5 жылға дейін жеңілдіктер берген. «Ал қазіргі күнде бізде бәрі кереғар. Оралман боп келіп, азаматтығыңды алсаң - бәрінен айырыласың, ал бір жылға дейін алмасаң - мәңгі алмайсың», деді ол.

Жалпы, оралман мәселесі бір заңның аясында шешілетін дүние емес. Заңнан бұрын алдымен бұл бағыттағы мемлекеттік көзқарасты тереңдету қажет секілді. Өйткені, кейінгі кездері шетелдік қандастырымыздың елге келіп-кетуіне қатысты қиындықтар туындайтыны жиі айтыла бастады. Бұл тұрғыда кешегі Мәжіліс отырысында депутат Бекболат Тілеухан, «елге шығып-кіру визасын ала алмай жүрген қандастарымыз «бүгінгі күні бұрынғы күніне зар боп қалған», деп мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, жақында Қытайдан атамекенге ат арылтып әрең жеткен бір топ қандастарымыз елден кері қайтуға мәжбүр болған. Бұған себеп - виза және тіркеу жүйесіндегі өзгерістер. Депутат жалпы шетелдіктердің визасын себепсіз созбау, олардың елімізде заңсыз жұмыстануына тосқауыл қою үшін ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алып қарағанда бұндай өзгерістерді дұрыс шара деп санайды. «Тоқтала кететін жайт, бұған дейін шетел азаматының төлқұжатын тіркеу, қажетті жағдайда виза беру жұмыстарын қалыптасқан үрдіске сай ҚР Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы атқарып келген болатын. Біздің елде ғана емес, әлем елдірінің көбінде осы тәртіп сақталады. Ағымдағы жылғы наурыздың 1-інен бастап шетел азаматтарына жеке сапар іскерлік визалар беру құзіреті Сыртқы істер министрлігінің құзырына тиесілі болып шешілген. Ал шетелдіктерді тіркеу және елден шығу визасын беру бұрынғыдай көші-қон полициясына жүктелген. Бұл жағдай ең алдымен Қытайдан келетін қандастар үшін үлкен қолайсыздықтар тудырып отыр», деді Б. Тілеухан. Оның сөзіне қарағанда, көші-қон полициясына барған қандастырымызды ондағылар Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментіне сілтеп шығарып салады. Ал Консулдық қызмет департаментіндегілер Қытайдан келген қазақтардың жеке сапар визаларын ұзартпай, келген визамен кері қайтарады екен.

«Бекболаттың айтып отырғаны дұрыс. Дүниежүзі қазақтарының 3-ші құрылтайының хаттама шешімдерінде Қытай қазақтарына шақыртусыз виза беру туралы қаулы бар еді. Бұндай бастаманы Елбасының өзі қолдаған. Бірақ, ол толық атқарылмай келеді. Қазір Қытайдан қазақтар келсе, көші-қон полициясы оның тіркелуін, ол үшін тоқтаған үйінің үй кітапшасын сұратады. Ал өзі Қазақстанға алғаш келсе, мұнда тамыр-танысы, туысы болмаса ол кітапшаны қайдан алады. Бұдан әрі жағдай тіптен қиындайды. Жаңағы атамекенге аңсары ауып келген қазақтың бес күндік тіркелген мерзімі асып кетеді. Сосын көші-қон полициясы оларға енді елге келместей етіп, қара таңбаны басып, шекарадан әрі асырады. Бұны қысым деп айтпағанда не дейміз?!», деді Р. Айыпұлы.

Бірлестік өкілінің әңгімесіне қарағанда, Қазақстанда оралмандарға қатысты қандай да көзге көрінбейтін алып күштердің әрекеті, үлкен жолмен жасалатын шым-шытырық кедергісі бар секілді сезіледі. «Біздің ұсыныстарымызды, жағдайымызды Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы толық біледі. Алайда, бұл бағытта қауымдастық оңды пікір жүргізіп жатқан жоқ. Тіпті, Т. Мамашевтың көзқарасы да басқашалау. Әуелі, «оралмандар, сіздер саясатпен айналысуды қойыңыздыр» дегендей ұсыныстар айтады, деді Р. Айыпұлы.

Дегенмен, оралмандарға қатысты заңнамаға байланысты алдын ала кесіп-пішіп бірдеңе айту ертерек. Өйткені, Мәжілістің қарауына алынған заң жобасы әлі де талқыланады, пысықталады. Ең бастысы заңды қабылдау үдерісіне бастан-аяқ мүдделі тараптарды теңдей қатыстыру, заң шығармашылығында олардың пікірімен, қоғамның пікірімен санасу аса қажет. Сонда ғана көші-қон үдерісін де, оралмандар мәселесін де жетілдіре түсуге болады. Ал біз әңгімеге тартқан «Жебеу» оралмандардың республикалық бірлестігінің атқарушы кеңесінің төрағасы Рақым Айыпұлы бұндай мүмкіндіктердің тарылып отырғанына алаңдаушылық білдіреді. Бүгін де Парламент Сенатында «Қазақстандағы көші-қон процестері және көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіру перспективалары» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференцияға жоғарыдағы бірлестіктің өкілі қатыса алмай, ұсынысын өткізе алмай, есіктен сығалаған күйі қайтты.