Көшірме-көбейту қызметі 10 теңге болады - ХҚКО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халыққа қызмет көрсету орталықтарының 11 филиалында пилоттық жоба аясында көшірме аппараттары орнатылды. Енді халыққа қызмет көрсету орталықтарында клиенттерге көшірме-көбейту қызметтері арзан бағада болады.

Бұрын мұндай қызметті тек ХҚКО аумағында өз аппараттарын орнатқан жеке кәсіпкерлер көрсететін еді, онда бағасы 1 параққа 20-30 теңге болған, ал кейбір облыстарда бір көшірме 60 теңгеге дейін барған.

«Біз халыққа қызмет көрсету орталықтарында сервистің сапасын арттыруға міндеттіміз. Көшірме-көбейту пункттері қызметінің құнына тек қажет материалдар мен жұмысты ұйымдастыру шығынын ғана қосамыз. Енді оның бағасы 10 теңге болады», - деді ҚР Байланыс және ақпарат агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Сәкен Сәрсенов. 2014 жылдың үшінші тоқсаны соңына дейін «ХҚКО» РМК көшірме-көбейту қызметтерінің тағы да 48 орынын ашу жоспарланып отыр. ХҚКО жаңа сервисі Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола және басқа облыстарда ұйымдастырылды.