«Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасына қатысты түйткіл шешімін таппай келеді — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс орындарының экология талаптарын міндетті түрде сақтауға тиіс екенін алға тартты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Оның сөзінше, аймақтағы экология мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлу қажет.
— Аймақтағы экология мәселесін шешуге ерекше көңіл бөлу қажет. Облыс орталығының маңайында өнеркәсіптік кәсіпорындар көп. Олар міндетті түрде экология талаптарын сақтауға тиіс. «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасына қатысты түйткіл талайдан бері шешімін таппай келеді. Онда Каспий маңы тау-кен металлургия комбинатына қарасты 3 зауыттан шыққан 105 миллион тонна қалдық жатыр, — деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы рұқсат етілмеген жерге заңсыз тасталған қоқыстар мәселесін шұғыл шешу үшін Үкімет облыс әкімдігімен бірге қажетті шараларды қабылдауы тиіс екенін айтты. Енді Үкімет тоқсан сайын бұл мәселе бойынша Президентке тікелей баяндама жасап отырады.
— Бұдан бөлек, аймақтағы полигондарда 200 мың тоннадан астам қоқыс жиналып қалған. Рұқсат етілмеген жерге заңсыз тасталған қоқыстар да көп. Жалпы облыста қоқыс тастайтын 68 рұқсат етілмеген орын бар. Оның алпысы жойылды, сегізі кәсіпкерлерге тиесілі жерде орналасқан. Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Осы мәселелерді шұғыл шешу үшін Үкімет облыс әкімдігімен бірге қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Бұл мәселе бойынша Үкімет тоқсан сайын маған тікелей баяндауы керек. «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендерді абаттандыру ісін жалғастыру қажет. Ақтауда ағаштарды көбірек отырғызуға тырысу керек. «Таза» деген — киелі сөз, аса маңызды ұғым. Бұл ұғым халқымыздың болмысының бір бөлігі болуы қажет, — деді Тоқаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтіп жатыр.
Мемлекет басшысы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына аймақтағы су тапшылығын азайту үшін нақты шешім қабылдауды тапсырды.
Тоқаев Жаңаөзендегі газ өңдеу зауыты құрылысының кешігуі — Үкіметтің өрескел олқылығы екенін айтты.
Сондай-ақ Президент Ақтау су құбыры желісінің тозуына байланысты судың 16 пайызы ысырап болып жатқанын атап өтті.