Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Азиядағы ядролық кооперациялар форумының министрлер деңгейіндегі 18-кеңесі аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бірінші кезекте келесі жылдан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен жаңа жобаны қолға аламыз. Ол - Маңғыстау облысындағы Қошқар ата қалдықтар қоймасын қалпына келтіру. Техникалық экономикалық негіздемесі, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, жоба республикалық бюджеттік комиссияда қолдауға ие болды. Үкімет те қолдап отыр. Енді соңғы сөз Мәжіліс пен Сенаттың еншісінде. Аталған сома бюджетте бекітілетін болса, онда келесі жылдың қаңтарынан біз немесе әкімдік қызметтерді сатып алу бойынша сәйкесінше бюджеттік процедураларды бастап, көму және қалпына келтіру бойынша қажетті жұмыстар жүргізіледі», - деді министр.
Оның айтуынша, аталған мақсатқа келесі жылы шамамен 1 млрд 700 мың теңге бөлінуі тиіс.
«Бұл бағдарлама бір жылдық емес. Бірнеше жылға жалғасады. Біз бұл мәселемен кезең-кезең бойынша айналысамыз», - деді министр.
Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мамандары жүргізген ғылыми зерттеулер нәтижесіне сәйкес, Қошқар ата қоймасында 105 млн тоннадан астам улы қалдық көмілген. Оның шамамен 52 млн тоннасы радиоактивті.