Қошқар ата улы қалдықтар көлі қашан қауіпсіз аумаққа айналады

Фото: Фото: Өңірлік коммуникация орталығы

Маңғыстаудағы Қошқар ата улы қалдықтар қоймасын қалпына келтіру жұмыстарына 49,5 миллиард теңге қарастырылмақ. Қазіргі таңда түзетілген жобалау-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама қорытындысы күтіліп отыр. Әлі күнге дейін ашық жатқан улы көлдің тағдыры туралы Маңғыстау облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балмановадан сұрап көрдік.

Фото: Маңғыстау облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы

— Әсел Аманбекқызы, көпшілікті алаңдатып отырған Қошқар ата улы көлінде қанша тонна қалдық бар, осыдан бастасақ…
— Қошқар ата көлі — әлемдегі ең ең ірі радиоактивті қалдықтар қоймасы. Өткен ғасырдың 60-жылдарында пайда болған, ол жерде 105 млн тонна қалдық бар. Жалпы ауданы 7700 гектар қалдықтар қоймасы Ақтау қаласынан небәрі 3 шақырым жерде орналасқан. Сондықтан жергілікті тұрғындардың алаңдауы орынды. Ал уытты көлдің жанында Басқұдық, Баянды және Атамекен сияқты үш елді мекен бар, ондағы халықтың денсаулығына қауіп төніп тұр. Қошқар Ата ойпатындағы радиоактивті қалдықтарды қалпына келтірудің жоғары әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, рекультивациялау жұмыстарын дереу бастау қажет.

Фото: Өңірлік коммуникация орталығы

— Қалдықтар қоймасының топырағын қалпына келтіру жұмыстары бір жылдары басталған еді, бірақ аяқсыз қалды. Неліктен мұндай ірі экологиялық мәселе кейінге шегеріле береді?
— Қошқар ата қалдықтар қоймасының топырағын қалпына келтіру үшін 2007 жылы ғылыми зерттеулер жүргізілген. Ал 2017 жылы олардың нәтижелері негізінде 17,5 миллиард теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Қойманы рекультивациялау бойынша 15,5 млрд теңгеге тендерді жеңіп алған «Павлодарский речной порт» компаниясы мердігер болып анықталып, 2020 жылы жұмыс басталды. 266 гектар жер қалыңдығы 30 сантиметр болатын топырақпен толтырылды. 2022 жылға 3 млрд теңгеге 905 га қайта құрылымдау жоспарланған еді. Шарттың талаптары бойынша мердігерге аванс төленді. Алайда көп ұзамай қойманы қалпына келтіру жұмыстары толығымен тоқтады. Өйткені, 2022 жылдың қаңтарында мердігер жобалық-сметалық құжатқа үйінді топырақ сатып алу салынбағанын және онсыз жұмыс істеу мүмкін болмағанын мәлім етіп, жоба сомасын ұлғайту қажеттілігі туралы ұсынысы негізінде жобалық-сметалық құжатты қайта жасақтау бойынша шешім қабылданды. Мүдделі тараптардың қатысуымен кеңес өткізілді, онда жобаны бұрын бекітілген сома (17,5 млрд теңге) шегінде түзету туралы шешім қабылданды. Түзетілген жоба бойынша 2022 жылғы тамызда «Мемсараптама» РМК Батыс филиалының оң қорытындысы алынды. Нәтижесінде жалпы сома өзгеріссіз қалды, ал қалпына келтіруге арналған жер көлемі бастапқы 4 279 гектардан 1 344 гектарға дейін қысқарды, яғни 3 есеге аз. Мемлекеттік сараптама облыс әкімдігін өз қорытындысының күшін жою қажеттігінен хабардар етті, ал мердігер жұмысты тоқтатты. Нәтижесінде 2022 жылдың қараша және желтоқсан айларында 2,1 млрд теңге көлемінде қаражат қалдығы игерілмей қалды. Сонымен қатар инфляцияны ескере отырып, 2017 жылы жобалық-сметалық құжат әзірленгеннен кейінгі жұмыстардың құны 10 пайыздан астамға өскені ескерілді.

Фото: Өңірлік коммуникация орталығы

— Одан кейін жобалық-сметалық құжатқа өзгеріс енгізілді ме?
— Осы мәселе бойынша кезекті кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының қатысуымен республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер қаражаты және тиісінше 90/10 пропорцияда жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыру есебінен жобаны түзетуді, сондай-ақ іске асыруды бастау туралы шешім қабылданды. 2022 жылғы желтоқсанда қайта техникалық кеңес өткізілді, оның қорытындысы бойынша сомасы 17,5-тен 49,5 млрд теңгеге дейін қымбаттап, жобаны қайта түзету туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта түзетілген жобалау-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама қорытындысы күтіліп отыр. Содан кейін тоқтатылған жұмыстар жалғасады. Қазір улы көлдің айналасына сексеуіл отырғызылып жатыр.

Фото: Өңірлік коммуникация орталығы

— Көлдің айналасына сексеуіл бірнеше рет отырғызылды...
— Рекультивация аясында егіліп жатқан қара сексеуіл — Маңғыстаудың қатал климатына төтеп бере алатын, тез тамыр жайып өсетін, құмды ұстап тұратын қасиеті бар, жергілікті флораға тән ағаш. Сексеуіл шаңды тоқтатуға мүмкіндік береді.
— Қаншама жыл осы экологиялық мәселенің шешімін зарыға күткен тұрғындарға не айтасыз?
— Қазіргі таңда экологиялық мәселелер өзінің қоғамдық мәні жағынан алдыңғы қатарлы міндеттердің біріне айналды. Қошқар ата қалдықтар су қоймасын рекультивациялау жұмыстары соған бірден-бір дәлел. Бұл — Президенттің тапсырмасы, өңір басшысының бақылауында тұрған, алдыңғы қатарлы, шешімін тауып келе жатқан жоба. Сондықтан мейлінше жылдам шешімін табады деп сенеміз.
— Сұхбатыңызға рахмет!

Фото: Өңірлік коммуникация орталығы