Қошқар ата улы қалдықтар қоймасының айналасы көгалдандырылады - министрлік
АҚТАУ. KAZINFORM — Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қошқар ата улы көлінің келешегіне қатысты ресми сауалға жауап берді. Вице-министр Жомарт Әлиевтің айтуынша, радиациялық қалдық қоймасын биологиялық рекультивациялау жоспарланып отыр.
— Маңғыстау облысы әкімдігі «Қошқар ата» радиациялық қалдық қоймасына жүргізілген қосымша зерттеу нәтижесіне байланысты қалпына келтіру жұмысын тоқтатты. Сонымен қатар, аталған зерттеудің қорытындысына қарай қалдық қоймасының айналасын көгалдандыру жөнінде шешім қабылданды, — дейді вице-министр.
Көгалдандыру үшін енді арнайы жоба жасақталып, қаржыландыру көздері анықталмақ.
— Биыл биологиялық рекультивация жобасының жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу арқылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын аламыз деп күтіп отырмыз. Аталған жоба арқылы қалдық қоймасын биологиялық рекультивациялау жөніндегі бүкіл жұмыстың құны белгіленеді, оның негізінде қаржыландыру көздері айқындалады, — дейді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.
Айта кетейік, Қошқар ата улы көлінде белсенділігі жоғары радиоактивті 150 миллион тонна қалдық жиналған.
Оның ішінде уран рудасы — 51,8 млн тонна. Ал, оның зардабын айналасында тұратын 400 мыңға жуық халық тартып отыр.
Бұған дейін 52 млн тонна уран қалдығы жатқан «Қошқар ата» радиациялық қоймасының келешегі туралы жазғанбыз.