Қала әкімдігінің алдындағы орталық алаңға төрт киіз үй тігіліп, ортасына шағын сахна орнатылыпты. Бойындағы бұла күшке сенген 15 азамат сол киіз үйлерден жұрт назарын тіккен сайыс аумағына кезек-кезек шығып жатты.
Үміткерлер арасында Қонаев қаласынан келген пауэрлифтинг шебері де, Арыс қаласынан келген қазақ күресінің балуаны да, белбеу күресінен Әлем чемпионы да, Ақтөбеден келген қойын-қолтық ұрыс шебері де, зілтемір көтеріп жүрген кәнігі ауыр атлет те, грек-рим күресінің майталмандары да болды.
«Толағай» алыптар байқауы жобасының авторы Темір Сыпатайдың айтуынша, мұндай республикалық деңгейдегі турнир осымен төртінші рет өтіп отыр.
«Бұл жолғы байқауды Астананың 25 жылдығына орайластырып, қаланың ашық турнирі ретінде өткізіп отырмыз. Мұнда бақ сынаушылардың арасында кәнігі спорт шеберлері де, базарда арба сүйреп жүрген қара күш иелері де бар. Жобаның мақсаты - Қажымұқанның бүгінгі ізбасарларын елге паш етіп, бұқаралық спортты насихаттау. Сайыстың бірінші орын иегеріне 1 млн теңге сыйақы беріледі. Қалған жүлдегерлерге де ақшалай сыйлық бар. Оның бәрін Астана қаласының әкімдігі ұсынып отыр. Сондай-ақ, «Чемпион» брендінің негізін қалаушы Серік Байжанов та демеушілік қолдау білдірді. Осы байқауда топ жарған бауырларымызды келешекте әлемдік деңгейдегі алыптар сайысына апарсақ деген арманымыз бар», - дейді ол.
Сайыс бес кезеңде өтті. Бірінші кезеңде алыптар 141 келі тасты 1 минуттың ішінде мейлінше ұзақ жерге көтеріп жеткізу керек болды. Одан кейін үміткерлер салмағы 10 келі найзаны алысқа лақтырып сайысты. Үшінші кезеңде ұзындығы 1,5 метрлік темір білеуді желкеге салып июден күш сынасты. Бұдан кейін алып күш иелері салмағы 130 келі болатын бөренені көтеріп, отырып-тұрудан бақ сынады. Ақырғы кезеңде апайтөс жігіттерге үстіне 500 келі жүк артылған арбаны құм төселген жолмен 30 метр қашықтыққа барынша жылдам жаяу сүйреп апару керек болды.
Бес сайыстың қорытындысы бойынша 120 ұпай жинаған шымкенттік Нұрғиса Әділетұлы үшінші орын иеленді. Екінші орын бес кезеңде жиыны 122 ұпай иеленген Қонаев қаласының спортшысы Ваид Теңізбаевқа бұйырды. Ал жарыс жеңімпазы атанған Азамат Мақұлбековтің еншісінде бес кезеңнің қорытындысы бойынша 132 ұпай болды. Жеңімпазға «Толай» алыптар сайысының жеңімпазына берілетін алтын белбеумен бірге 1 млн теңгенің сыйақысы табысталды.
Еске салсақ, жуықта ғана Азамат Мақұлбеков қошқарды 3555 рет көтеріп, Қазақстанның рекордтар кітабына енген болатын.