Алдымен нөсер жауын жауып, соңы қарға ұласса, қазір қайтадан жаңбыр күшейді. Соның әсерінен электр желілері жүктемені көтере алмай, ағаштар құлап, көшелерде су көлкіп кеткен. Бұған қоса енді Қошқарата өзені арнасынан тасуы ықтимал.
Қалада электр желілеріндегі апаттардың салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Дымқыл қардан ағаш бұтақтары иіліп, электр желілеріне тиіп, қысқа тұйықталу мен жарықтың өшуіне себеп болған.
«Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің мәліметінше, апаттық бригадалар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Зақымдалған учаскелерде ақауларды анықтау және жою жұмыстары бәсеңсіген жоқ. Қосымша техника мен мамандар тартылып, электрмен жабдықтауды мүмкіндігінше қысқа мерзімде қалпына келтіру шаралары қабылданып жатыр.
Бұдан бұрын Шымкентте толассыз жауын-шашыннан кейін көшелерді қар мен су басқанын жазған едік.
Ау райының нашарлауынан көпқабатты тұрғын үйдің ауласында үстіне ағаш құлаған 10 жастағы баланың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.