Көшпелі цирк пен зообақтарға тыйым салынса, жануарлар қайда кетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Таяуда елімізде келесі жылдан бастап көшпелі цирк пен зообақтарға тыйым салынатыны белгілі болды. Олар жабылса жануарлардың тағдыры не болмақ?
Бұл сауалдың жауабын Экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнен сұраған едік.
— Зообақтарға келсек, жануарларды тапсыру керек. Қазір бізде үш мемлекеттік хайуанаттар бағы бар, жануарларды соларға өткізсе болады. Олар Шымкент, Алматы және Қарағанды қаласында орналасқан. Бизнес тұрғысынан, нарықтағы жануарлардың бағасын алып қарасақ, иелері жануарларды далада қалдырмайды деп ойлаймын, — деді Андрей Ким ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, жануарларды ұстауға заң аясында тыйым салынбаған.
— Көшпелі цирк пен зообақтардың қызметіне тыйым салынады, ал жануарларды ұстауға, оларға жауапкершілікпен қарауға иелері заң бойынша міндетті, — деп толықтырды министрлік өкілі.
Еске сала кетсек, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев келер жылы 1 қаңтардан бастап елімізде көшпелі цирктер мен зообақтарға тыйым салынатыны туралы мәлімдеген еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін жазғанымыздай 1 қаңтардан бастап Қазақстанда көшпелі цирктер мен зообақтарға тыйым салынады.