Көшпелі сот отырысы мен көрнекі сот процесі тәжірибесіне оралу маңызды - Б. Бекназаров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көшпелі сот отырысы мен көрнекі сот процесі тәжірибесіне оралу маңызды. Бүгін Парламент Сенатында «Конституцияға 20 жыл: құқықтық мемлекет институты және заң шығармашылық процесі» атты тақырыпта өткен халықаралық конференция барысында сенатор Бектас Бекназаров осы мәселені көтерді.

Конференция барысында сенатор Бектас Бекназаров Ата заңда қағидаттары айқындалған сот билігі және оның төңірегіндегі реформалар туралы сөз сөйлеген болатын. «Бізге құқықтық мемлекеттің барлық институттарына, соның ішінде әділсот төрелігіне азаматтардың сенімін сақтау ғана емес, оны арттыра түсу маңызды. Міне, дәл осы үшін бұрынды кеңестік кезеңде болған тәжірибеге, халықтық сот секілді жекелеген тәсілдерге қайта оралу қажет. Бұл жерде мен көшпелі сот отырыстары, көрнекі сот процесстері секілді қызмет түрлері туралы айтып отырмын», - деді сенатор. Оның айтуынша, мұндай шаралардың міндеттілігін Конституциялық заңнамаларда да қамтыған абзалырақ. Өйткені, бұндай тәжірибе сот жүйесіне деген азаматтардың сенімділігін арттыра түседі.

«Менің ойымша, дәл осы секілді Конституциялық заңнамада жергілікті сот басшылары мен судьяларын халықпен жүздесуге міндеттілігін бекіту орынды. Бүгінгі күні қазақстанда көптеген азаматтар сот жүйесінің кемшіліктері туралы айту, сот актілерінің әділетсіздігі туралы пікірлерін білдіру, қарапайым қызмет этикасын өрескел бұзатын заң қызметкерлеріне шағымдану мүмкіндігіне ие емес. Сот өзінің басшысына ғана есеп берумен шектелмей, өз өңірінің бұқара халқына ашық бола түссе игі. Жергілікті сот судьяларының халықпен жиірек жүздесуін тиімді ұйымдастыру арқасында қоғам тарапынан айтылып жататын кемшіліктерге назар аударуға, сот жүйесіне азаматтардың сенімін арттыруға қол жеткізуге болады», - деді депутат Б.Бекназаров.