«Көшпенділер әлемі» фестивалін 6 мыңға жуық адам тамашалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 30 маусымы мен 1 шілдесі аралығында Астанада «Көшпенділер әлемі» халықаралық фестивалі өткізілді. Қазақстан астанасына Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Ресей (Башқұртстан, Якутия) елдерінің қатысушылары келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фестиваль бағдарламасында өнерпаздар әзірлеген қойылымдарын көрсетіп, көшпенділер мәдениетінде орны ерекше саналатын музыкалық туындылар да орындалды. Magyar Turan (Венгрия), «Бага-Тур» прото-болгарлық қиын жағдайда жан сақтау мектебі (Болгария), «Любизар - Северные Амуры» 1-інші Башқұрлық атты полк» Әскери-патриоттық клубы» қоғамдық ұйымы (Башқұртстан), қайта қалпына келтіру жөніндегі түріктердің ордугаййлық командасы (Түркия),  «Sky Nomad» (Қырғызстан), «Sarbazrukhy» (Қазақстан) майталмандары сайын даланы жайлаған көшпенділер әлемі мен мәдениетін паш етті.

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Рашид Күзембаевтың сөзінше, «Көшпенділер әлемі» фестивалінің маңызы зор. Бұл іс-шара ежелгі көшпенділердің салт-дәстүрі, тарихы мен рухани бірлігін сақтауға үлкен әсер етеді. Сондықтан бұл шараны жыл сайын Қазақстанның әрбір аймағында ұйымдастыру жоспарланған.

«Қазір біз Еуропа мен Азия елдерінде тұрамыз. Бірақ бізді өткеніміз біріктіреді. Түптеп келгенде бәріміздің де аталарымыз көшпенді болған. Сондықтан фестиваль идеясы Астана мен Қазақстан тұрғындары ғана емес, күллі әлем халқын біріктіруді көздейді. Олар осында келіп, бірнеше ғасырлар бұрын Еуразия құрлығын шарлаған біртұтас халықтың өмірімен таныса алады», - дейді «Kazakh Tourism» ҰК» басшысы.

Фестиваль ұйымдастырылған аумақ 7 ауылға бөлінді. Мұнда жаужүрек сарбаздар, садақшы мергендер, ат құлағында ойнайтын шабандоздар және музыканттар мен қолөнер шеберлері қоныстандырылды.

Екі күннің ішінде әрбір ауылда сан түрлі қойылымдар қойылып, көрермендер тәнті болды. Ат құлағында ойнаған епті жігіттердің өнерін тамашалаған фестиваль қонақтарына садақ ату және өзге де көшпелі тайпалардың мәдениет элементтері көрсетілді.

«Арқайым» нео-этнофольк тобы, хомусшы әрі көмеймен ән орындаушы Тюргэн Кама, «Тұран» этно-фольк тобы, «The Spirit Of Tengri» байқауының жүлдегері Юлиана Кривошапкина мен өзге де орындаушылар көрермен үшін қызықты әрі толымды бағдарламаның шырайын аша түсті. 

Қазақстан астанасының 20 жылдығына орайластырылған «Көшпенділер әлемі» халықаралық фестивалін ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шараны биыл 6мыңға тарта адам тамашалаған.

Фестиваль аясында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ мен и «QazaqGeography» РҚБ арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.