Көшпенділер ойынының 6-күні: Қазақстан қоржынына 20 медаль түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көшпенділер ойынының алтыншы күні қазақстандық спортшылар 20 медаль иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстандық спортшылар алған 20 медальдің 5-еуі алтын, 7-еуі күміс, 8-і қола.

«Бүгін Көшпенділер ойындарында аударыспақтан ақтық сайыстар өтті. Финалға бес қазақстандық пен бес қырғызстандық балуан шыққан болатын. 60 келі салмақ дәрежесінде Азамат Серғазин, 70 келі салмақта Ерназар Байғонов, Арман Сағынбаев 80 келі, Сырым Ізбасаров 90 келі, Біржан Қосалиев +90 келіде күміс медаль иеленді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, көкпардан Ұлттық құрама үшінші орын үшін болған ойында РФ Мәскеу облысынан келген команданы 17-1 есебімен жеңіп, қола медаль иегері атанды.

«Самбошы, әлем чемпионы Есет Қуанов  68 келі салмақта алтын медаль алды. 82 келі салмақта самбошы Руслан Жарқынбаев та топ жарды. Самбо күресінде Әбдухамит Әбдіразақов, Асылжан Гайсаев, Базарбай Жасұлан, Мұқатаев Батыр, Көлбай Темірлан қола медальды місе тұтты», - делінген хабарламада.

Тоғызқұмалақтан ҚР құрамасы ерлер командалары арасында алтын медальды (Елеусінов Хәкімжан, Қабиев Нұрбек) қоржынға салып отыр. Жеке есепте ерлер арасында екінші орынды Елеусінов Хәкімжан алса, Қабиев Нұрбек үшінші орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар, командалық есепте әйелдер арасында тоғызқұмалақтан Далиева Әсел, Фоос Анастасия алтын медаль иегерлері атанды. Жеке есепте әйелдер арасында Далиева Әсел бірінші орынға табан тіресе, Фоос Анастасия күміс медальдің иегері атанып отыр.