Көшпенділер ойыны: Қазақстан тоғызқұмалақтан 5 медаль жеңіп алды

Фото: Фото: Тоғызқұмалақ федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тоғызқұмалақ бәсекесі Астана қаласындағы «Думан» қонақ үйінде өз мәресіне жетті.

Үш күнге созылған бәсекеде, ұлттық құрама спортшылары жалпы 5 медаль еншіледі (3 алтын, 1 күміс, 1 қола).

Ерлер арасындағы жекелей сында қазақстандық Бексұлтан Бостандықов алтын, Ерсұлтан Әуелбай қола жүлде алды. Ал қырғызстандық тоғызқұмалақшылар күміс және қола медалды қанағат тұтты. 

Фото: Тоғызқұмалақ федерациясы

Әйелдер арасында ұлттық құрама спортшысы Мөлдір Серікқызы алтын, Аңсаған Қожанәсіп күміс жүлде еншіледі. Қырғызстан спортшылары 2 қола медаль иеленді. Сондай-ақ, ұлттық құрама жалпы есепте 30,5 ұпаймен командалық алтын жүлдені жеңіп алды. Екінші орында – Қырғызстан, үшінші орында – Ресей және Моңғолия.

Айта кетейік, тоғызқұмалақ жарысына әлемнің 41 елінен 114 спортшы қатысты.