Көшпенділер ойынында қазақы кәдесыйлармен де ұлттық құндылықтарымызды таныта аламыз – сатушы
АСТАНА. KAZINFORM- 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында қазақы кәдесыйларға шетелдік қонақтардың қызығушылығы артқан.
Бұл туралы Кazinform тілшісіне жарыс алаңдарында қазақы кәдесый сатып тұрған Мақпал Сахиева айтып берді.
- Қазақы кәдесыйға шетелдік қонақтардың қызығушылығы қалай?
- Біздің өзіміздің отандық компаниямыз бар. Сол компания өндірген заттарды осында, яғни 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынына әкеліп сатып тұрмыз. Шетелдік қонақтардың қызығушылығы жоғары деңгейде деп сеніммен айта аламын. Мен осы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында тұрғаныма екі күн болып қалды. Қызыға қарайтындар көп. Сатып алып жатқандар да жоқ емес. Бұл жабық кешен болғандықтан саудамыз әлі қыза қойған жоқ. Ал «Қазанат», «Этноауыл» сияқты аспан астында кәдесыйдың саудасы қызып тұр. «Этноауылда» тағы бір дүкеніміз жұмыс істеп жатыр. Ол жақта келіп-кетуші халық та көп.
- Кәдесыйдың қайсысына сұраныс жақсы болып тұр?
- Жалпы, әр тауарымыз өз ерекшеліктерімен қонақтарымызды қызықтырады. Елорда төріндегі 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны ұлтымыздың мәдени құндылықтарын әлемге паш етуге сеп болды. Дүниеге жар салған шара еліміздің қолөнер шеберлерінің де басын бір арнаға тоғыстырды деп айтуға болады. Бүгінде шеберлер қауымы қиялдарынан туған кәдесыйлары мен авторлық бұйымдарынан пайда табумен қатар, мәдениетімізді жұртшылыққа танытып жатыр. Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер Астанада өз мүмкіндіктерін көрсетіп отыр. Тері, киіз, ағаш, қыш және зергерлік бұйымдардың қайсысын іздесеңіз, соны осы жерден таба аласыздар.