Косовода саяси тығырыққа тірелген билік партиясы сайлауда жеңіске жетті

Фото: EPA

АСТАНА. KAZINFORM — Алдын ала нәтижелерге сәйкес, албан ұлттық бағыттағы «Ветевендосье» партиясы Косовода өткен парламенттік сайлауда сенімді жеңіске жетті, деп хабарлайды ВВС.

Дауыстардың 90 пайызы саналғаннан кейін, атауы «өзін-өзі анықтау» деген мағынаны білдіретін бұл партия 50,8 пайыз дауыс жинады. Бұл көрсеткіш партия көшбасшысы Альбин Куртиге билікте үшінші мерзімге қалуға мүмкіндік береді.

Негізгі екі оппозициялық партия — оңшыл-орталық бағыттағы Косовоның Демократиялық партиясы (PDK) мен Косовоның Демократиялық лигасы (LDK) тиісінше 20,98 пайыз және 13,89 пайыз дауыс алды.

Ақпан айында «Ветевендосье» партиясы сайлауда жеңіске жеткенімен, абсолютті басымдыққа ие бола алмаған. Содан бері Косово жұмыс істейтін үкіметсіз қалып отыр.

Аталған нәтиже Куртиге елді коалициялық серіктестерсіз басқаруға жететін орын санын қамтамасыз етпейді. Алайда оған Ұлттық ассамблеядағы 120 орынның 20-сы кепілдендірілген этникалық азшылық партияларының депутаттары арасынан қолдау табу қиындық туғызбайды.

Осылайша «Ветевендосье» партиясы парламенттік сайлауда қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетіп отыр. Бұл нәтиже 9 ақпанда өткен алдыңғы сайлаудан кейін Куртидің үкімет құру әрекеттерін бұғаттаған оппозициялық партиялардың ұстанымының негізсіз екенін көрсетеді.

Альбин Курти бұл нәтижені «ел тарихындағы ең үлкен жеңіс» деп атап, бұл жолы оппозициялық партиялар кедергі келтірудің орнына ынтымақтастық танытады деп үміттенетінін мәлімдеді.

Еске сала кетейік, Орталық Африка Республикасында тарихи сайлау өтіп жатқанын жаздық. Елде бір мезгілде президенттік, парламенттік, өңірлік және муниципалдық сайлауларды өткізу ұйымдастырылды.