Осыған байланысты Қосшы қаласында бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Қала әкімі Азамат Қапышев БАҚ өкілдеріне ұйымдастырған пресс-тур барысында жаңа әлеуметтік нысандардың құрылысын, инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстарын және мәдени орталықтың жұмысын көрсетті.
Қоғамдық мәдени-спорт орталығы
Қазіргі күнде, 2023 жылы пайдалануға берілген Қоғамдық мәдени-спорт орталығында кітапхана, коворкинг орталығы, тілдерді оқыту орталығы, мәдениет үйі және бірқатар мемлекеттік мекеме орналасқан. Мұнда шығармашылық, спорт және қосымша білім беру бағыттары бойынша үйірмелер жұмыс істейді.
Робототехника үйірмесінде балаларды халықаралық жарыстарға дайындайды.
– Біздің оқушылар басқа жаттықтырушылармен бірге Италияға барып, халықаралық турнирге қатысты. Онда жүлделі бірінші орынды иеленді. Біз бұл жетістікті ерекше мақтан тұтамыз. Бұл балалар – болашақтағы олимпиада чемпиондары болады деп сенеміз, – деді робототехника үйірмесінің оқытушысы.
Айта кету керек, қосшы оқушылары Италия мен Түркиядағы халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болған.
Орталықта сурет салу үйірмесі де бар. Мұнда 3 жастан 16 жасқа дейінгі балалар білім алады. Олар ЮНЕСКО ұйымдастыратын халықаралық байқауларға тұрақты қатысады.
Ғимаратта Қосшының қолөнер шеберлерінің жұмыстары қойылған. Мұнда Бектас Кәрім, Асхат Бозымбай, Гауһар Қанатпаева, Әлия Қалиасқарова және Нұржан Ділмановтың туындыларын көруге болады.
Қалада алғаш рет республикалық «Саз аспаптар шеберлері» одағы құрылып, әкімдіктің қолдауымен «Төл қоңыр» республикалық байқауы өткен. Байқауда үздік деп танылған сегіз домбыра мәдениет үйінің қорына алынған.
Қолөнер шебері Әлия Қалиасқарова ұлттық өнерді насихаттап келеді.
– Сырмақ өнері өшпей, соны қайта жандандырып, келесі ұрпаққа мұра етіп қалдырғым келеді. Сол себепті күнделікті үйренем, жасаймын деген қыз-келіншектер келіп жатыр, үйретіп жатырмыз. 200-ден астам сырмақ жасап шықтым, – деді шебер.
Қосшы қаласының бес жылдығына орай 555 ана, әже мен қыз-келіншектің қатысуымен ұршық иіруден рекорд орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Мәдени-спорт кешенінің ғимаратында заманауи еуропалық стильде жабдықталған кітапхана орналасқан. Мұнда 20 мыңға жуық кітап қоры, коворкинг аймақтары және ноутбукпен жұмыс істеуге арналған қолайлы орындар қарастырылған.
Инженерлік инфрақұрылым
Қалада жаңа қазандық орнатылып, жылу желілері жаңартылып жатыр. Республика көшесінде орташа жөндеу жүргізілуде. Жол құрылысының үшінші кезеңі бойынша төрт көшеде жұмыс жалғасып жатыр.
Оған қоса, 209 гектар аумақта индустриалды аймақ құрылып жатыр. Онда шыны, металл конструкциялары, көкөніс сақтау және сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындар орналасады. Жоба үш мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Қосшыда 1500 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Нысанның жалпы ауданы – 14,5 мың шаршы метр. Құрылыс жұмыстарының 70 пайызы орындалған. Мектепті 2027 жылдың наурызында пайдалануға беру жоспарланған.
– Жобаның ерекшелігі, мына бастауыш сынып пен жоғары сыныптың жеке блоктары, оқу блоктары жеке, олар қатынаспайды. Келешек мектепке сай, сол стандартта салынған. Өздеріңіз білесіздер, қазір мына жайлы мектептердің программасы қысқартылды, енді осындай заманауи мектептерді салуға біз құмартып жатырмыз, – деді қала әкімі.
Медициналық орталық
Қалада Үкімет пен Viamedis Qoshy компаниясы жүзеге асырып жатқан 29 млрд теңгелік медициналық орталықтың құрылысы аяқталу кезеңіне жеткен.
Орталықтың құрамында ауысымына 1000 адам қабылдайтын емхана, 350 орындық аурухана, 60 орындық пансионат және медицина қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер болады. Емхана жұмысын бастаған. Аурухананы осы жылдың төртінші тоқсанында ашу жоспарланған.
Медициналық мекеме Қосшы тұрғындарымен бірге Астана маңындағы жеті аудан халқына қызмет көрсетеді.
– Бізде жалпы бәрі жұмыс істегеннен кейін 1200-дей адам осы жерде жұмыс істейді, орталықта. Қазіргі күнде емханада 262 адам жұмыс істейді, оның 74-і дәрігер. Енді біз олар үшін тұрғын үйлерді салып жатырмыз, егер өзіміз шақырған білікті мамандар болса, біз оларды тұрғын үймен қамтамасыз етеміз, – деді Viamedis Kosshy ЖШС Бас директорының орынбасары Нұрлан Қасымов.
Пресс-тур кезінде журналистер 2023 жылы Мемлекет басшысының қатысуымен ашылған 1500 орындық мектепте де болды. Қазір мұнда екі ауысымда 2772 оқушы оқиды. Мектепте 114 сынып-комплект жұмыс істейді. Барлық сынып 25 баладан жасақталған. Ғимаратқа 123 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Оқушылар тігін, ағаш және металл өңдеу кабинеттерінде тәжірибелік сабақтарға қатысады. Кітапханада қазақ және орыс тілдеріндегі көркем әдебиет пен танымдық кітаптардың қоры жинақталған.
Осылайша, қосшы қаласында Халық санының өсуіне байланысты білім беру, медицина, мәдениет, өндіріс және коммуналдық жүйелер бағытында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Жаңа мектептер, көпбейінді медициналық орталық, индустриалды аймақ, мәдени-спорт нысандары мен жаңартылып жатқан инженерлік желілер қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Бұған дейін LRT желісінің соңғы аялдамасы қала кіреберісінде болатынын жазғанбыз.