Қосшыны Астанаға қоса ма: қала әкімі тұрғындардың сұрағына жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM- Қосшы қаласын Астанаға қосу мәселесі қала тұрғындары мен елорда жұртшылығы арасында ара-тұра талқыланып келеді. Осыған байланысты Kazinform агенттігінің тілшісі Қосшы қаласының әкімі Азамат Қапышевтен мұндай мүмкіндік қарастырылып жатқан-жатпағанын сұрады.

Фото: mail.kz

Қала әкімінің айтуынша, бұл мәселе жергілікті атқарушы органның құзыретіне жатпайды.

— Бұл біздің құзыретімізге кірмейді. Алайда географиялық тұрғыдан қарасақ, Астанадан келе жатқанда жолдың екі жағында да жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп жатыр, сондай-ақ Ұлттық спорт университеті орналасқан. Жақын уақытта Қосшы мен Астананы тек қала атауы жазылған жол белгісі ғана бөліп тұратын жағдайға жетуі мүмкін, — деді Азамат Қапышев баспасөз туры барысында.

Сонымен қатар ол қазіргі уақытта Қосшыны Астанаға қосу мәселесі күн тәртібінде жоқ екенін атап өтті.

Қала әкімінің мәліметінше, бес жыл бұрын Қосшы халқының саны шамамен 50 мың адам болса, бүгінде тұрғындардың нақты саны 120 мыңға жеткен.

Айта кетейік, Астанада Қосшы мен оң жағалауға арналған екі деңгейлі LRT станциясы салынады.

Сонымен қатар Келер жылы Қосшыда жаңа электр энергия станциясы салынады.