Коста-Рика Президенті сұхбат барысында ара жеп қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Коста-Рика Президенті Луис Гильермо Солис Ривера тілшілерге сұхбат беру барысында аңдамай ара жеп қойды. Бұл жағдайдың видеосы PZ Actual басылымының Фейсбуктегі парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Лента. ру»-ға сілтеме жасап.

Оқиға президенттің елдің оңтүстігіне асфальт зауытын ашуға жасаған сапары барысында болды. Луис Гильермо Солис тілшілерге сұхбат беріп тұрған сәтте, басында оның айналасында ұшып жүрген жәндік бір мезетте президенттің аузына кіреді.

Мемлекет басшысы бұл жағдайды қалжыңға айналдырды, деп хабарлайды Q Costa Rica порталы.

«Мен оны жеп қойдым. Мен араны жеп қойдым», - деген президент, журналистерге бұл видеоны CNN телеарнасына жіберуді ұсынды.  

Президенттің көмекшісі оған су ұсынғаннан кейін, Солис жаңа зауыт туралы әңгімесін жалғастырды.