Қостанай әкімі: Әлеуметтік азық-түліктің басым бөлігі өзімізде өндіріледі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай облысында жыл сайын ең кемі 10 жаңа тауар-сүт фермасын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің алдымызда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту міндеті тұр. 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнімнің жалпы шығарылымы 106,9 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі – 104,1%. Салаға 44% өсімімен 35 млрд теңге инвестиция тартылды. Негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің, тұз, күріш және қантты қоспағанда, қалғаны өзімізде өндіріледі», - деді Қ. Ақсақалов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, өңір басшысы жыл сайын көбірек өнім шығару міндетін алға қойғанын жеткізді.

«Мысалы, биыл майлы дақылдар егісі 750 мың гектарды құрады. Жарма алқаптары 5,8%-ке, оның ішінде қарақұмық 8,1%-ке ұлғайтылды. Біздің келесі міндетіміз – мал шаруашылығын дамыту. Сүт және сүт өнімдері бойынша импорт үлесін азайтып, өзіміздің өндірісті ұлғайту мақсатында алдағы уақытта 20-дан астам өнеркәсіптік тауар-сүт фермасын салу жоспарлануда», - деді әкім.


Оның айтуынша, келешекте жыл сайын ең кемі 10 жаңа тауар-сүт фермасын салу жоспарланған.

«Жобаларды іске асыруға 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылады, 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Осы 20 тауар-сүт фермасы бар шаруашылықтарда өнім көлемі 30%-ке ұлғаятын болады және сүт өңдеуші зауыттардың қосымша жүктемесі 70%-тен 86%-ке дейін өседі», - деді Құмар Ақсақалов.